Ғалымдар панкреатин шығару технологиясын әзірледі
Қазақстандық ғалымдар малдың ұйқы безінен панкреатин жасап шықты. Алматыдағы Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының мамандары бұл зерттеумен үш жыл айналысқан. Жаңа әзірлеме елде қалдықсыз өнім өңдеу мүмкіндігін кеңейте түспек. Оған қоса, сұранысқа ие ферменттік препараттар өндірісін дамытуға септігін тигізеді. Ғалымдар бұл технологияны көп ұзатпай өндіріске енгізуді көздеп отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір малды сойған кезде етін ғана алып, көбіне ішек-қарнын лақтырып тастайды. Оны кәдеге жарататындар бірен-саран. Ғалымдардың айтуынша, қара малдың ұйқы безі мен өтін тиімді пайдалануға болады. Мәселен, ұйқы безінде ас қорытуға қажет ферменттер бар. Қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының мамандары одан панкреатин алу технологиясын әзірлеген.
Гүлмира Кененбай, «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі» ҒЗИ зертхана меңгерушісі:
– Ұйқы безін алып, майдалаймыз. Одан кейін кептіріп, арнайы әдістер арқылы экстракциялау жолымен панкреатинді бөліп аламыз. Әрі қарай ультрадыбыстық өңдеуден өткіземіз. Сонымен қатар ветеринариялық-санитариялық және микробиологиялық зерттеулер жүргіземіз.
Панкреатин – бірнеше ферменттен тұратын биологиялық белсенді зат. Ол көмірсуларды, майлар мен ақуыздарды ыдыратуға қатысады. Бұл зат медицина мен фармацевтикада ғана емес, тағам өнеркәсібі және биотехнология салаларында қолданылады. Ғалымдар жаңа технологияны әзірлеу кезінде бұрынғы ғылыми тәжірибені де назарға алған. Технологияны жетілдіріп, панкреатиннің ферменттік белсенділігін арттыру бағытында зерттеу жүргізген.
Әлібек Тұрсынов, «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі» ҒЗИ аға ғылыми қызметкері:
– Біз кеңестік технологияны негізге алып, оған өз жаңашылдықтарымызды енгізу арқылы жетілдірдік. Түрлі технологияларды салыстырып, шикізатқа зерттеу жүргіздік. Оның химиялық және физикалық қасиеттеріне талдау жасап, ферменттік белсенділігін, қауіпсіздігін және басқа да сипаттамаларын анықтадық. Нәтижесінде ірі қара малдың ұйқы безінен ферменттік белсенділігі жоғары панкреатин алдық.
Қазір ғалымдардың қолында панкреатин өндіру технологиясы бойынша патент бар. Енді әзірлемені өндіріске енгізуге әрекеттеніп жүр. Одан кейін ет комбинаттарында шикізатты өңдейтін шағын технологиялық желі құруды ұсынып отыр.
Гүлмира Кененбай, «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі» ҒЗИ зертхана меңгерушісі:
– Шикізатты өңдейтін арнайы желі, яғни толық өндірістік тізбек болуы керек. Себебі қазір мұның бәрі қалдық ретінде тасталып жатыр. Біріншіден, бұл экологияға зиянын тигізеді. Өйткені одан бөлінетін уытты заттар қоршаған ортаны ластайды. Ал адам ағзасында ұйқы безі ферменттерді жеткіліксіз бөлген жағдайда, осы шикізаттан алынған панкреатин қосымша дәрілік препарат ретінде қолданылады.
Бұл бастама кәсіпорындарға қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Мамандардың мәліметінше, дәстүрлі технология бойынша бір келі панкреатин алу үшін бес-алты күн қажет. Ал жаңа тәсіл уақытты қысқартады. Өндіріс көлемі құрал-жабдықтың қуаты мен өңделетін шикізат мөлшеріне байланысты болады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов