Тәуелсіздік шежіресі: Қазақстан неге +7 телефон кодын сақтап қалды?

Сурет ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстандағы телефон нөмірлері +7 кодынан басталады. Алайда бір кездері елімізге жеке +997 коды резервке қойылғанын біреу білсе, біреу білмес. Бүгін «Тәуелсіздік шежіресі: 35 дерек» айдарында еліміздің халықаралық телефон кодының тарихы мен ресми мәртебесі туралы баяндаймыз.

+7 кодының тарихы қайдан басталады?

+7 кодының тарихы Кеңес Одағы кезеңінен бастау алады. 1964 жылы бекітілген халықаралық телефон нөмірлеу жоспарында 7-ші нөмірлеу аймағы КСРО-ға берілген болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақстан осы кодты Ресей Федерациясымен бірге пайдалануды жалғастырды.

Неліктен +997 кодына көшуден бас тарттық?

2021 жылы Халықаралық электр байланысы одағы (ХЭО) Қазақстан үшін бөлек +997 кодын резервке қойды. Алайда жаңа кодқа көшу кезінде абоненттерге айтарлықтай салмақ түсетіні белгілі болды. Атап айтқанда, азаматтар банк қосымшаларындағы, мемлекеттік сервистердегі және түрлі цифрлық платформалардағы телефон нөмірлерін қолмен қайта жаңартуы қажет еді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ауысу кезеңінде қызметтерді сәйкестендіру кезінде техникалық іркілістер болуы мүмкін екенін ескеріп, байланыс операторларымен бірлескен талдау нәтижесінде 2023 жылы +7 кодын сақтау туралы шешім қабылдады.

Үкіметаралық жаңа келісім және ресми мәртебе

Қазақстан тарапы Халықаралық электр байланысы одағымен және Ресей Федерациясымен келіссөздер жүргізіп, 7-ші нөмірлеу аймағын бірлесіп пайдалану туралы жаңа келісімге қол жеткізді.

Бұған дейін бұл мәселе екі елдің байланыс ведомстволары деңгейіндегі уағдаластық негізінде ғана реттеліп келген еді. Енді жаңа келісім екі мемлекеттің үкіметтері деңгейінде жасалды. Бұл жоғары мемлекетаралық мәртебе Қазақстанның ұлттық мүдделерін неғұрлым сенімді қорғауға мүмкіндік береді. Құжат мерзімсіз негізде жасалып, 2025 жылғы 3 желтоқсанда күшіне енді.

ХЭО-ның ресми бекітуі: Қазақстанға тиесілі диапазондар

2026 жылғы 1 маусымда БҰҰ-ның байланыс мәселелері жөніндегі мамандандырылған мекемесі – Халықаралық электр байланысы одағы (ХЭО) өзінің №1341 Операциялық бюллетенінде Қазақстан мен Ресей арасындағы жаңа келісімді ресми түрде жариялады.

Бұл құжат халықаралық деңгейде Қазақстанның +7 кодына тең құқықты серіктес мәртебесін бекітіп, елімізге тиесілі нақты кодтық диапазондарды айқындады:

 Қазақстан Республикасына бекітілген бастапқы цифрлар: +7 0, +7 6 және +7 7.

Ал бұрын резервке қойылған +997 коды Халықаралық электр байланысы одағының бос кодтар тізіміне қайтарылды. Осылайша, еліміз азаматтарға ешқандай қолайсыздық тудырмай, үйреншікті +7 кодына деген тең құқығын үкіметаралық және халықаралық деңгейде түпкілікті бекітті.

Сондай-ақ оқыңыз: