Балқаш көлінде қоғамдық жағажай құрылысы аяқталды

Балқаш көлінің Жетісу облысына қарасты бөлігінде қоғамдық жағажай құрылысы аяқталды. Кешенде туристер үшін барынша қолайлы жағдай жасалады. Көл жағалауында қазір екінші коммуналдық жағажайдың құрылысы жүргізіліп, Лепсі ауылындағы әлеуметтік нысандар жаңартылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Балқаш көлінің бойындағы қоғамдық жағажай 13 гектар жерді алып жатыр. Онда 500 көлікке арналған автотұрақ, тамақтану, сауда-саттық орындары болады. «Ана мен бала» бөлмесі және мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне де орын қарастырылған.

Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:

– Бір мезетте 1500-1800 адам демалуға жағдай жасалған. Барлық кәріз жүйелері, су жүйелері, жарық тартылған. Мына жерде ЧС, дәрігерлік пункт барлығының орындары қарастырылған. Жағалаудағы барлық жағдай балаларға, ересектерге, бәріне жасалған. Қауіпсіздік мәселесі қарастырылған.

Көл жағалауында осындай үш коммуналдық жағажай салынады. Соның екіншісінде де құрылыс жұмыстары қолға алынған.

Бақытжан Қалыбеков, «Орда Гарант Строй» ЖШС директоры:

– Қазіргі таңда жұмыстың 60–65 пайызын аяқтадық. Негізгі жұмысты аяқтау мерзімі – 2027 жылдың шілде айы. Биылғы жылдың соңына дейін қара жұмыс көлемін 70 пайызға жеткізіп, келесі жылға әрлеу жұмыстарын қалдыруды жоспарлап отырмыз.

Аймақтағы туризмді дамыту үшін Балқаш көліне қатынайтын жол жөнделіп, электр және ауызсу жүйесі жүргізілген. Кәріз суын тазартатын станция салынды. Енді кәсіпкерлерге жер телімдері беріліп жатыр.

Руслан Сәттібеков, кәсіпкер:

– Жер телімдерін жай қарапайым халық болып тұрып біз де алдық. Енді көктемнің басынан пансионаттар салсақ, халыққа условиясымен жағдаймен туризм саласын дамытсақ деген жоспарымыз бар.

Биылғы жазда Балқаш көліне 500 мыңнан аса адам келіп суға шомылған. Туристерге қолайлы жағдай жасау үшін Лепсі ауылындағы аурухана жөнделіп, жаңа вокзал салынып жатыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Сондай-ақ оқыңыз: