Энергетикалық сусындарды өндіруге және әкелуге тыйым салу ұсынылды
Бұдан былай энергетикалық сусындарды өндіруге және елге әкелуге тыйым салынуы мүмкін. Мәселені Құрылтай депутаттары көтерді. Айтуларынша, жарнаманың артында денсаулыққа қауіп төндіретін өнім тұр. Ал оның нақты құрамы белгісіз. Халық қалаулылары энергетиктерді жарнамалауға да тосқауыл қоюды ұсынып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Энергетикалық сусын. Кей азаматтар оны кешқұрым күші кеткенде тұтынса, енді бірі тәттілігінен қайта-қайта ішкісі келіп тұрады. Ал тағы бірі тәнге қуат беретін жалғыз өнім дейді. Қай дүкенге кірсеңіз де сөрелерде менмұндалап тұр.
Альмира Оразбай, тілші:
– Сатуышыныкі дұрыс. Былтырғы қаңтардан бастап 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды. Талапты бұзғандар 120 мыңнан 900 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайды. Дүкендегілер азаматтың жасына күмәнданса, жеке құжатын сұрауға және сусынды сатудан бас тартуға міндетті.
Негізі бір шыны кофе ішкен адамда қозғалыс жақсарып, серотониннің деңгейі артады. Әсері 2 сағаттай сақталады. Ал энергетикалық сусынның әсері 3-4 сағатқа созылады. Алайда ол қуат бере отырып, тәуелділік тудыруы мүмкін. «Оны шектен тыс тұтынғандардың денсаулығы нашарлайды», – дейді мамандар.
Роза Өтегенова, жоғары санатты педиатр:
– Ол сусындардың құрамында газ да, қант та көп. Мұның бәрі ағзаға әсер етеді. Өйткені балалардың организміне қажетті көмірсулардың, майлар мен белоктардың белгілі бір нормасы бекітілген. Оны біз, дәрігерлер, үнемі айтып жүреміз.
Энергетиктерден болатын зиянды Құрылтай депутаттары да ескеріп, дабыл қақты. Айтуларынша, саудасы қызып тұр. Осыдан үш жыл бұрын елде 215 млн литр энергетикалық сусын сатылса, былтыр көрсеткіш 355 млн литрге жеткен. Ал «Статиста» халықаралық компаниясының дерегінше, былтыр мемлекетіміздегі энергетикалық сусын нарығының қаржылай көлемі 93 млн долларға жуықтаған. Халық қалаулылары Үкіметке шара қабылдауды ұсынды.
Мақсұт Насибулов, Құрылтай депутаты:
– Біздің бірінші нақты ұсынысымыз – энергетикалық сусындардың адам ағзасына әсерін ғылыми-медициналық тұрғыдан зерттеу. Екіншіден, олардың құрамын, яғни қанша мөлшерде кофеин мен қант бар екенін анықтау қажет. Олардың құрамы бойынша бекітілген стандарт бар ма, жоқ па – соны да зерттеу керек. Содан кейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарнамалауға тыйым салу мәселесін қарастыру қажет.
Ал Әкелер одағы бұл сусындарды сатуға ғана емес, оны өндіру мен коммерциялық мақсатта импорттауға толық тыйым салынуы қажет деп отыр. Осыған қатысты тіпті петиция жариялаған. Қазір өнімді саудалауға жас шектеуі енгізілсе де, балалар оған түрлі жолдармен қол жеткізеді. «Бұған қоса, әлемдік тәжірибеде энергетиктердің салдары ауыр», – дейді бірлестік өкілдері.
Бекдайыр Күзембай, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары:
– Дүниежүзілік практиға қарап, біз де зерттеп қарап отырмыз, бейжай қарамаймыз. Балаларға қандай зиян келіп жатыр? Бірінші, қан қысымының өзгеруіне әкеледі. Семіздікке әкеледі. Қант диабеті бар, жүректің талма ауруы бар, өкпені істен шығарады екен. Ағзалардың бәрі құлдырайтын болса, адам өмірі осымен бітті деген сөз ғой. Оның импорты болсы, экспорты болсын, бұған түбегейлі қарсы болып, петиция жариялап, тоқтатуға шешім қабылдадық.
Петицияның Үкімет деңгейінде қаралуына 50 мың азаматтың қолы қажет. Әгәрәки тиісті қол жиналса, онда жауапты орган мобильді топ құрып, петиция авторымен және сарапшылармен бірлесе мәселені қарайды.
Авторлары: Альмира Оразбай, Руслан Алиев.