Алматыда бірнеше көше ұзартылып жатыр
Ұзартылып жатқан көшенің бірі Жұмағали Саин көшесі.
Мұндағы мақсат қала ішіндегі кептелісті азайтып, көлік қатынасын реттеу. Ол Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен жалғанады. Президент жариялаған «Халықтық құрылыс» идеясымен үндес бұл жоба тұрғындарға қажет инфрақұрылымды дамытуды көздейді.
Ернұр Рысбай, тілші:
- Біз қазір Саин даңғылы мен Орталық көшесінің қиылысында тұрмыз. Осы тұстан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына қарай жаңа магистральдың құрылысы жүріп жатыр. Қала көшелерінде көлік көбейген сайын қозғалыс та баяулайды. Жаңа жол көлік жүктемесін азайтып, кептеліс түйінін біршама тарқатады дейді мамандар.
Мегаполистегі Саин көшесін Үлкен Алматы айналма жолына қосу жұмысы биыл тамызда басталған. Жол 6,5 шақырымға ұзарады. Қазір жұмыстың басым бөлігі аяқталды.
Ілесхан Адеев, "Алматыдорстрой" ЖШС бөлім меңгерушісі:
- Жобаға 250-ге дерлік жұмысшылар мен 70 құрылыс техникалары жұмылдырылған. Жалпы жобаның 800 метрден қалған бөлігінде жол төсемінің екі қабаты төселген, БАКАД-қа дейінгі. Жұмыстың қазір 80-дей пайызы аяқталып тұр. Бізде қазір жол төсемінің екінші қабаты қалды. Осы аталған аралықта. Қалған аралықта екі қабат жол төсемі төселген.
Жоба аясында ұзындығы 232 метр көпір салынады. Ол темір жол және негізгі көлік жолының үстінен өтеді. Қазір құрылымдары орнатылып, бой көтеріп үлгірді. Енді жан-жағын оқшаулап жатыр. Одан кейін қорғаныш қабаты төселіп, үсті асфальтталады.
Айдос Желдікбаев, Алматы қалалық жол инфрақұрылымын дамыту бөлімінің басшысы:
- Жоба бойынша жолдың әр бағытында үш жолақ болады. Сондай-ақ сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылады. Бұл жол қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі көлік жүктемесін азайтуға ықпал етеді.
Қазір Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына Жандосов көшесі, Райымбек батыр даңғылы мен Солтүстік айналма жолы арқылы шығуға болады. Құрылыстың бітуін кептелістен шаршаған көлік жүргізушілері асыға күтіп жүр. Себебі қалаға келіп кететін жол көбейеді.
Қуатбай Нұратдинов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Айналмалы жол БАКАД-қа жол ашылғаны Саинадан әрине бізге жақсы. Ол жолымыз қысқарады. Енді барлығы ашылып жатыр ғой Абай көшесі де. Сол сияқты жолымыз қысқарып, жақсы болатын еді.
Президент жариялаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы тұрғындарға қажетті инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Саин көшесін ұзарту соның бір көрінісі. Құрылысшылар болса желтоқсан айында оны Үлкен Алматы айналма жолына қосамыз деп отыр.
Авторлары Ернұр Рысбай, Сержан Жұмабаев