Тәуелсіздіктің төл құрдасы: ақтөбелік ұстаз
Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары әр саланың білікті маманы атанып, ел дамуына үлес қосып жүр. Ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүргені қаншама, деп хабарлайды 24KZ.
Ақтөбе облысының Ойыл ауылындағы Шарбану Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназияда Тәуелсіздіктің 6 бірдей құрдасы еңбек етеді. Еліміз егемендік алған жылы дүниеге келген жандардың шәкірттері облыстық және республикалық білім додаларында топ жарып жүр.
Айдана Аманжолованың шәкірттері аудандық және облыстық білім додаларында үздіктер қатарынан табылып, республикалық Абай, Мағжан оқуларында жүлде алып жүр. Мәселен, биыл 9-шы сынып оқушысы Айжұлдыз Әмірғалиева қазақ тілі мен әдебиеті пәндері олимпиадасында жеңімпаз атанған. Білікті ұстаз «басты жетістігім – шәкірттерімнің жеңісі» дейді. Балалардың білімге құштарлығын оятып, тұлға болып қалыптасуы жолында аянып қалмақ емес.
Айдана Аманжолова, Ш. Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі:
– Ұстаз шынайы болуы керек. Балаларды шын жүрегімен жақсы көре білуі керек. Балаларға әділ болуы, тең дәрежеде қарауы керек. Сен шынайы болсаң, бала да сені сүйіспеншілікпен қабылдайды деп ойлаймын. Балаға ең бірінші мейірім керек. Өз балаңдай жақсы көру керек.
Аудан орталығындағы іргелі білім ордасының 6 ұстазы – Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Дербес елде дүниеге келген ұрпақ өкілдері бала оқытумен қатар білім беру саласының дамуына да үлес қосып жүр. Мәселен, мектептің биология пәні мұғалімі Мархабат Иманова ұстаздарға арналған үздік әдістемелік еңбектің авторы атанған.
Айгүл Салиева, Ш. Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:
– Алды 14-15 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздар. Олар өте ізденімпаз. Өз пікірлерін ашық айта білетін, жан-жақты, қазіргі заманауи ақпараттық құрылғылармен, цифрлық құрылғылармен өте керемет жұмыс жасайтын жан-жақты ұстаздарымыз.
Ұлағатты іс – ұстаздықты мойнына жүктеген Тәуелсіздік құрдастары «саналы шәкірт тәрбиелеу жолында тер төгеміз», - дейді. Себебі ел болашағы жастардың қолында болса, жас ұрпақтың тізгіні – ұстаздардың қолында.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков