Шығыста туризмдегі кадр тапшылығы мәселесі шешіліп жатыр

Шығыс Қазақстанға баратын туристер саны жыл сайын артып келеді.

Биылдың өзінде өлкеде 400 мыңға жуық адам демалған. Алайда сапалы қызмет көрсететін білікті мамандар жетіспейді. Сарапшылардың айтуынша, әсіресе бірнеше тіл меңгерген даяшылар мен кәсіби нұсқаушылар тапшы. Бұл мәселе Қатон-Қарағай мен Марқакөл сияқты шалғай аудандарда туристік маусым қызған кезде айқын сезіледі.

Облыста 450-ге жуық демалыс базасы бар.Туристік бағыттағы кәсіпкерлік нысандар қатары жыл санап өсіп келеді. Өскен сайын сол бағытта қызмет көрсететін кадр тапшылығы өзекті болып тұр, дейді сарапшылар. Мәселен, Өскемендегі мына мейманхана көктемде ғана ашылды. Халықаралық деңгейде қызмет көрсететін ұжымда 100 адам еңбек етеді. Дегенмен, әкімшілік өкілдерінің айтуынша, кадр жетіспеушілігі әлі де бар.

Әзиз Матякубов, мейманхана менеджері:

- Мықты кадр жинақтаудан қиындық болып жатқаны рас. Дегенмен, жергілікті коллдждермен ынтымақтастық орнаттық. Осылайша керек маманды өзімізде қойылатын талапқа сай оқытып жатырмыз. Өйткені өз әдісіміз бар. Бізде жұмыс істегісі келетін әр қызметкер кем дегенде үш тілді жетік меңгеруі қажет.

Сәрсен Аманжолов атындағы университтетте соңғы бес жылда туризм саласын таңдаған түлектер саны екі есе өскен. Грант саны да артты. Дегенмен, диплом алған жастар әсіресе шалғайдағы туристік аудандарға баруға құштар емес. Өйткені оларды ынталандыратын әлеуметтік пакет жоқ. Сондықтан сарапшылар мемлекеттік грантпен білім алғандарды ауылда еңбек етуге міндеттеу қажет, деп санайды.

Айгүл Асубаева, С.Аманжолов атындағы  ШҚУ туризм бойынша оқытушысы:

- Кадр тоқтату үшін турзим бітірген балаларды сол жақта жұмыс істеуге міндеттеу керек. Сол аймақтың, мысалы, әкім грантын алған балаларды сол аймақта жұмыс істеуге Қатон-Қарағайдың баласы алды ма, онда сол Қатон-Қарағайда бір бес жыл барып жұмыс істеуге міндеттеу керек.

Оқу орыны Қытай, Әзербайжан, Ресей, Түркия елдерімен тәжірибе алмасып жатыр. Студенттер жасанды интеллект көмегімен турларды іріктеп, кеңес беруді меңгеріп жүр. Салалық басқарма өкілдері де қарап отырған жоқпыз, дейді. Қазір жұмсыссыздыққа тіркелген азаматтарды осы салаға бейімдеп қайта оқыту қолға алынды.

Ирина Смит, ШҚО туризм және инвестициялар басқармасы бастығының орынбасары:

- Жұмыспен қамту орталықтары арқылы арнайы бағдарлама бастадық. Жұмыссыздық бойынша тіркелген қыз-жігіттерді туристік салада қызмет көрсету мамандықтарына қайта оқытып жатырмыз. Әкімші, нұсқаушы, экскурсия жүргізу сияқты бағытты таңдағандар бар.

Кадр жетіспеушілігіне маусымдық туризм үлкен кедергі болып тұр, дейді мамандар. Сол себепті қазір қысы-жазы жұмыс істейтін демалыс орындарының санын көбейту жоспарлануда. Салалық министрлік мәліметінше, жыл сайын елімізде туризм саласында 15 мың маман тапшы екені байқалып отыр.

Авторлары Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ оқыңыз: