Ақмола облысы үшін 2022 жыл өте табысты болды
Ақмола облысы биыл 1 трлн теңгенің ауыл шаруашылық өнімін өндірді. Бұл кейінгі 30 жылда алғаш тіркелген рекордтық көрсеткіш.
Осы жылы аймақта 100-ге жуық ет және оннан астам сүт фермасы ашылды. Жергілікті диқандар 5,5 млн тонна астық жинап, қамбаға құйды. Аграрлы аймақтың табысы бұл ғана емес.
Астықты өлке үшін 2022 жыл өте табысты болды. Әсіресе Сандықтаулық диқандар жылдағы межеден асып түсті. Олар гектарына 40 центнерге дейін астық орды. Осылайша ең жоғары өнімділікке қол жеткізді. «Мұның барлығы сапалы тұқым мен жаңарған техникалық базаның әсері», - дейді жергілікті агрономдар.
Арман Сыздықов, шаруашылықтың бас агрономы:
- Өндіріске үнемі жаңашылдық еңгізіп тұруға тырысамыз. Жаңа технологияларды пайдаланамыз. Өзіміз қатарлы көптеген фермамен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз, тәжірбие алмасып тұрамыз. Осының барлығы өз жемісін беруде.
Аймақта жыл санап ет және сүт фермалары көбейіп келеді. Оған сұраныста жоғары. Мәселен, дәл осы шаруашылық етпен үш бірдей аймақты қамтамасыз етіп отыр. Ал 2023 жылы 5 түрлі өнім дайындайтын ірі сүт өндіретін цехын іске қоспақ.
Марат Оразалин, шаруашылық басшысы:
- Біз етті екі ет комбинатына өткіземіз. Оның бірі Қостанай қаласында болса, енді бірі Петропавлда. Сондай-ақ, Қырғызстан мемлекетіне де экспорттаймыз. Ал сүтті Көкшетаудағы сүт зауытына тапсырамыз. Осы жылы біз сүт өндейтін цех салдық. Қуаттылығы тәулігіне бір жарым тонна. Жаңа қондырғылар сатып алынып, орнатылды. Келер жылы іске қосуды көздеп отырмыз.
Жалпы осындай шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау зор. Яғни ата-кәсіпті жаңғыртамын дегендерге арнайы субсидия мен жеңілдетілген несие де қарастырылған. Одан бөлек сала мамандары кадр тапшылығы мен жайылымдық жер мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді дейді.
Еркеш Әленов, облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары:
- Биылғы жылы қайтарылмайтын субсидия 55 млрд ақша бөлінді. Былтыр 46,7 млрд бөлінсе, осы жылы ол сомма 8 миллиардқа өсіп отыр. Соның арқасында осындай нәтижелерге жеттік. Келесі жылға дайындық жаман емес. Биылғы жылы қарапа жырттық. 1 млн-нан астам зяб жырттық. 538 мың тонна тұқым дайындап қойдық.
2022 жылы Ақмола облысы 155 мың тонна ет, 350 мың тонна сүт және 620 миллион дана жұмыртқа өндірген. Сонымен қатар, елорданың азық-түлік белдеуін қамтасымыз ету масқатында 24 мың тонна ет пен 100 мың тоннаға жуық сүт өнімі жеткізілген. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.