Шымкентте «Отбасы – Отанымның тірегі» атты форум өтті
Шымкентте үлгілі отбасыларды дәріптеп, мұқтаж жанұяларды қолдауға бағытталған қоғамдық алаң құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Онда отбасы институтын нығайту мен жас жанұяларға бағыт-бағдар берудің тиімді жолдары талқыланады. Алғаш рет ұйымдастырылған «Отбасы – Отанымның тірегі» атты форумның тағы қандай ерекшелігі бар?
Отбасындағы адалдық, еңбекқорлық қасиеттер басты құндылыққа айналуға тиіс. Себебі жанұяның беріктігі, береке мен бірліктің бастауы – осы. Жиынға қатысушы Жанерке Рысқұлдың ойы осыған саяды. Форумға әр салада еңбек етіп, үлгілі отбасын құрған жанұя мүшелері қатысты.
Жанерке Рысқұл, полиция қызметкері:
- Үйде отырған кезде тілеуін тілеп отырамыз. Өйткені бұл кісілер – елдің, Отанның қорғаушысы және отбасымыздың тірегі. Бір-бірімізге деген түсіністігіміз бір салада болғаннан кейін өте мол деп ойлаймын. Отбасының берік сақталуы соның арқасы деп те ойлаймын.
Форумға «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдегерлері де шақырылған. Отбасы – Отанның тірегі екенін бірден-бір насихаттап жүрген жандар – осы.
Мақсат Қалымбетов, «Мерейлі отбасы» байқауына қатысушы:
- Шымкент қаласының барлық отбасыларына үлгілі отбасы болуын және де қаланың көркейіп, әсем қала болуына үлес қосуға шақырамын.
Еркін форматтағы диалог алаңын құрудың мақсаты да – осы. Жанұяны сақтап, шаңырақ шаттығын арттыруды бірлесіп талқылау. Бұдан былай дәстүрлі түрде жалғасатын болады. Өнегелі жандар «Үздік Отбасы» премиясына ұсынылмақ.
Мұрат Әйтенов, қала әкімі:
- Форум отбасы институтына қатысты проблемаларды ашық талқылайтын, аға буынның үлгі-өнегесімен жастардың тәрбиесіне қатысты құнды пікірлер мен салиқалы ойлар ортаға салынатын қоғамдық диолог алаңына айналады деген үміттеміз.
Былтыр 65 мың адам тұрақты жұмыс тапты. Тағы 17 мың азаматтың кәсіп бастауына қаржылай қолдау көрсетілді. Ал баспанаға мұқтаж жандардың мыңға жуығы тиімді мемлекеттік бағдарламалармен пәтер кілтін қолға алды. Форумда отбасының әлеуметтік жағдайын қолдауға да баса мән беріледі.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.