«Ана үйі» 6 мыңнан аса әйелге көмек көрсеткен
Биыл «Ана үйі» қоғамдық қорының құрылғанынан 10 жыл толды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осы уақыт аралығанда 6 мыңнан астам жас анаға көмек көрсетілген. Оның ең алғашқысы 2013 жылы Астана қаласында ашылған. Қазір саны 21-ге жетті.
Орталық қиын жағдайға тап болып, барар жері қалмаған қыз-келіншектерді қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар береді. Ең бастысы, сәбилерін балалар үйіне өткізгісі келген әйелдерге дұрыс шешім қабылдауға көндіреді. Нәрестенің анадан ажырап қалмауына жағдай жасайды.
Ана үйінің өзіміз тұрып жатқан баспанадан ешқандай айырмашылығы жоқ. Мұнда да әйелдер әдеттегідей үй шаруасын істеп, балаларының тәрбиесімен айналысады. Солардың бірі – Анастасия Шефчук. Оның тағдыры осында тұрып жатқан келіншектердікіне ұқсас. Үлкен қалаға оқуға келіп, қиын жағдайға тап болады. Жалдаған пәтерінің ақысын төлей алмай, баласымен далада қала жаздаған.
Анастасия Шевчук, Ана үйінің тұрғыны:
- Психологтан естідім. Осындай жер бар екенін. Содан кейін бірден келдім. Тіпті неге бұлай болды деп сұрақтың астына алмады. Қалай келдім, солай қабылдады. Қазір осында оқып жатырмын СММ-маманы болсам деймін. Бұл маған өте тиімді. Себебі онлайн жұмыс істеуге болады. Ал өзім балама көп уақыт бөле алам.
Туған-туыстары өзінен теріс айналған соң, Райхан да осында келуге мәжбүр болған. «Ана үйіне» келісімен оған да психологиялық және моральдық тұрғыдан көмек көрсетілді. Тіпті бала күтіміне қарайласып, қайтадан кәсіп үйренуіне жағдай жасаған.
Райхан Алмабек, Ана үйінің тұрғыны:
- Мен осы жаққа келгенде басымда кредиттер болды. Баланың әкесі бас тартты. Сол жағынан көмектесті, әкелік құқықты алып берді және банкроттыққа өтінім беріп, кредит бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Балама бүгін ғана 4 ай болды. Әлі жұмыс жасамадым. Осы орталықтан бізге массаж курсын оқытты. Болашақта сол массаж бойынша жұмыс жасаймын. Балалар массажы.
Қайырымдылық қорының негізін қалаушылардың айтуынша, жас әйелдер мұнда әртүрлі жағдаймен келеді. Олардың аяғынан тік тұрып кетуіне мұнда барынша көмек көрсетіледі. Жұмысқа орналастырады. Компьютерлік сауаттылықтан бастап, қыз-келіншектердің қызығушылығана қарай белгілі бір кәсіп меңгертеді.
Анар Рахымбаева, «Ана үйі» қорының негізін қалаушылардың бірі:
- Осы уақыт аралығында бізге 6200 әйел келді. Әрқайсысының айтары бар. Бәрі де күйзеліп, өмірден түңіліп келеді. Болашағына сеніп, өзіне сенетіндей жағдайға жеткізетіндей жағдайға жеткізу арнайы мамандармен қыруар жұмыс жасалады. Бастысы, ананың сәбиінен бас тартуына жол бермей, туған отбасында тәрбиеленгенін қалаймыз. Бұл дүниеде ананың орын ешкім баса алмайды. Балалар тірі жетім болмаса екен дейміз. Мақсат – осы.
Бүгінде еліміз бойынша 21 «Ана үйі» бар. Әрқайсысы 10-12 адамға арналған. Ол жерде бір айдан бастап, 1,5 жылға дейін тұра алады. Барлығы тегін. Орталыққа жылына 500-ге жуық әйел көмек сұрап келеді. Олардың қатарында жас аналар ғана емес, мектеп жасындағы баласы бар әйелдер де бар. Ал 2016 жылдан бастап қор Ұлттық бала асырап алу агенттігін ашты.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон.