Астана жағажайы жаға ұстатты

Жуырда еліміздің бірқатар қаласында жаңа коммуналдық жағажайлар ашылады.

Кейбірінің құрылысына қажетті қаражат былтыр мемлекеттік бюджеттен бөлініп те қойған.

Шомылу маусымы алдындағы жағажайлардың қазіргі жағдайы қандай? Ондағы тазалық жұмыстары жеткілікті деңгейде ұйымдастырылған ба?

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Бұл Көктал ауданындағы жағажайлардың бірі. Топырақтың беткі қабаты жарылып кеткен. Айнала толған қоқыс. Аяқ алып жүру мүмкін емес. Өзен суы тым аз және таза деп айтуға ауыз бармайды. Бірақ қалалық ТЖД өкілдері шомылу маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтуда. Сөзге сенеміз бе, көзге сенеміз бе?

Бұл жердің иісі де жағымсыз. Судың түсі жасыл. Түбінен шыққан қоқыстың ішінде унитаз да бар. Жағасында үй жануарларының өлексесі шашылып жатыр. Жарты айдан кейін бұл суға адамдар шомылатынын елестетудің өзі қиын. Жөндеу және тазалық жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ.

Азамат Құсайынов, қалалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

- Астана қаласында рұқсат етілген 3 жағажайымыз бар. Олар Орталық жағажай паркі, Астаналық аула, "Три пескаря" демалыс жағажайы. Одан кейін биыл Астана қаласы әкімдігімен жоспарланып отыр. Шабал Бейсекова көшесі бойындағы көпірдің астынан коммуналдық жағажай ашылайын деп жатыр. Сол жағажайда қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шомылу маусымына дейін жоспарда бар.

Болашақ жағажайдың орнына да бардық. Дайындық жұмыстарын көрмедік. Мұндағы судың да түсі жасыл. Маманның жоғарыда айтқан сөзі расталмай шықты. Абай облысының орталығы Семейде де жаңа жағажай құрылысы кідіріп тұр. Жергілікті бюджеттен 30 млн тг бөлінген.

Бауыржан Оразкенов, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Қазіргі уақытта "Заря" шомылуға арналған жағажай орнын абаттандыру жұмыстарын қолға алу жоспарлануда. Қазір конкурстық процедура жүріп жатыр. Дәл қазіргі уақытта абаттандыру жұмыстарымен айналысатын мердігер мекеме анықталған жоқ. Бірақ бұл жұмыстарға 30 млн тг қаржы бөлінген болатын.

Қос жағдайға қарап, бюджеттен бөлінген ақшаның мәселені тез шешуге кепіл бола алмайтынын аңғаруға болады. Соңғы уақытта ісіне адал әрі жауапкершілігі мол мердігер табу қиын, дейді басқарма өкілдері. Қазір құтқарушылар судың сынамасын алып, аумақты тазарту және кене мен масалардан зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мирлан Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов