Күршімде жауапсыз мердігердің кесірінен бассейн қолданысқа кеш берілді

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында осыдан екі жарым жыл бұрын қолданысқа берілген бассейн енді ғана іске қосылды.  

Өйткені мердігер компания біраз кемшілік жіберіп, нысанды қайта жөндеуден өткізуге тура келді.Оның үстінге жауапсыз мердігермен соттасып жүргенде жөндеу жұмыстары ұзаққа созылған. 

Ауыл ақсақалы Дәулет Тоқтыбаев бұл бассейінің ашылуына осымен екінші рет куә болып тұр. 2020 жылы ресми түрде ашылу салтанатына қатысқан.  Алайда содан бері мұнда бірде-бір адам жүзбеген. Өйткені ауаны желдету талаптары  ескерілмеген. Салдарынан қабырғалары сыз тартып, сөгіле бастаған. Зейнеткер бұған бей-жай қарай алмай, белсенділерді жинап, мәселені талай рет көтерді. Ақыры  ғимаратты қайта жөндеуге қол жеткізді.Тек бұл жолы барлығын бақылап жүрді.

Дәулет Тоқтыбаев, ақсақалдар алқасының мүшесі:

- Ремонты жасалып жатқанда депутаттар да бәрі де келді, әкім айтты есік ашық барып көріп тұрыңыздар, айтыңыздар деп, содан халықтың бәрі көріп жүрді қуанып. 

Сапасыз салынған жүзу кешенін әу баста қалай қабылдап алғаны белгісіз. Дегенмен, атқарушы орган кеш те болса қимылдап, ол құрылыс компаниясын сотқа берді. Бөлінген 20 миллион теңгені өндіріп, қаражатты  қайтадан жөндеуге жұмсады. 

Ерасыл Әшімов, Күршім ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Бұрынғы жұмысын аяқсыз қалдырған заң алдында жауапқа тартылған болатын, бассейнге жетпей қалған қаражаты мемлекеттік бюджеттің теңгеріміне 20 миллион шамасында қа қайтарылып берілді Ол бойынша төленген квитанциялар барлығы толығымен бар. 

Сонымен заман талабына сай бассейн ауылдықтардың игілігне берілді. Бір сәтте 20 адам құлаш сермей жүзе алады. Шайынып киінетін тіпті жаттығумен айналысатын бөлмелері де бар. Әсіресе жеткіншектердің сүйікті орнына айналды. 

Расул Әміренов, мектеп оқушысы:

- Бұрын біз өзенге ғана шомылып жүретінбіз, енді осындай үлкен ғимарат ашылды, осында үзбей келіп, кәсіби түрде қатысамыз деген ниеттеміз. 

Енді бұл нысан облыстық спорт басқармасының теңгеріміне беріледі. Тек содан кейін ғана шттатық режімде қызметін бастайды. 30 адам жұмысқа қабылданады.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов