Петропавлда оталған орман дауы сотта қаралып жатыр
Петропавл қаласының тұрғындары орман алқабын қайтадан мемлекет қорына қайтаруды талап етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жер кезінде табиғат қорынан шығарылып, кәсіпкердің қолына өтіп кеткен. Ал былтыр ол ағаштарды кесіп тастап, қоғам наразылығын тудырды. Енді ушығып тұрған даулы мәселе сотта қаралып жатыр.
Бұл – қалаға кіреберіс тасжол. Оның бойында орман шаруашылығы орналасқан. Соңғы 10-15 жылда жаппай үйлер салынды. Былтыр жолдың жиегіндегі қайыңдар тамырымен оталып, осында тұратын жұртшылықтың ашу-ызасын тудырды.
Андрей Лопацкий, қала тұрғыны:
- Бәрін кесіп, жермен жексен қылды. Бұл біздің орман еді. Мен осы жерде туып-өстім. Сондықтан жаным ашиды. Өзім – орман шаруашылығы маманымын. Сол себепті мемлекеттік қордағы жердің қалай сатылып кеткенін түсінбеймін.
Қайыңды жер шынымен де сатылған. Орманды алқап сонау 2006 жылы мемлекеттік қордан шығарылып, жекенің қолына өтіп кеткен. Енді тұрғындар бұл шешімнің заңсыз екенін дәлелдеумен жүр.
Ольга Веркулеева, қала тұрғыны:
- Бұл жолаққа мүлде тиюге болмайды. Өйткені ол экологияға кері әсер етеді. Тұрғындар денсаулығына алаңдайды. Конституция бойынша жер мен оның қойнауы халыққа тиеісілі. Ал халық деген – біз.
Халықтың қалауын кәсіпкер ресми қағазбен қайтарды. Оның қолында рұқсат құжаттары түгел. Фамил Абдуллаевтың айтуынша, жер комиссияның шешімі бойынша сатылған.
Фамил Абдуллаев, кәсіпкер:
- Мен бұны өз еркіммен істеп жатқан жоқпын. Үкіметтің 2006 жылғы қаулысы бойынша 270 гектар жер қаланың меншігіне берілген. Тұрғындар үй салды. Мені прокуратура тексеріді. Әкімде де болдым. Бәрі заңды.
Істің ақ-қарасын сот анықтайды. Бүгін судья көшпелі отырыс өткізіп, дау тудырған жерді өз көзімен көруге келді. Бірақ айғай-шудан кейін тараптарды ғимаратқа шақырып тыңдады.
Айдос Кенбейілов, заңгер:
- «Автомобиль жолдары туралы» заңда жолдың жиегіндегі жерлерді қызмет көрсету мақсатына пайдалануға болады делінген. Яғни, қонақ үй, техникалық қызмет көрсету орталығы мен жанар-жағармай бекетін салуға болады. Сондықтан да біз тұрғындардың талабымен келіспейміз.
Жауапты мемлекеттік органдар бұл жайында әзірге сұхбат бермейміз деді. Олар да соттың шешімін күтіп отыр. Келесі отырыс осы айдың соңына белгіленді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.