Талдықорғанда прозашылардың республикалық байқауы қорытындыланды
Талдықорғанда «Жетісу көктемі – 2023» прозашылардың республикалық байқауы қорытындыланды.
Шараның мақсаты – жанына қаламды серік еткен жас жазушыларды ынталандыру. Биылғы байқау жер жанаты Жетісудан шыққан қаламгерлерге арналды. Прозаның повесть жанры бойынша өткен байқауға 21 автордың шығармасы қатысты. Жеңімпаз атанғандардың арасында әдебиет әлемінде есімдері кеңінен танылып үлгермеген жастар да бар. Қазылар алқасының шешімімен Қанат Әбілқайыр мен Нұрбек Нұржанұлы үшінші орын иегері атанса, қаламы төселген жазушы Жадыра Шамұратованың «Мылқаудың сыбыры» атты повесі екінші орынға лайық деп танылды. Ал Самал Зікірияқызының «Қасқыр емген кейуана» шығармасы байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.
Самал Зікірияқызы, байқау жеңімпазы:
- Конкурс бітуге 4 күн қалғанда ғана жіберіп үлгердім. Өзім мұғалім болып жұмыс істеймін. Бізде уақыт тығыз. Бірақ бұл ішімде әбден пісіп жүрген шығарма еді. Бірінші орын аламын деп ойлаған жоқпын. Толқып тұрмын. Жақсы конкурс екен. Әділ бағаланды деп ойлаймын.
Есболат Айдабосын, байқауды ұйымдастырушы:
- 21 шығарманың ішінде біз 10-ын, яғни, 50 пайызын жүлдемен ынталандырдық. Төртеуі негізгі жүлде, алтауы арнайы сыйлықтар. Қазыларға авторсыз ұсындық шығармаларды номер бойынша. Қазылардың да кім болғанын авторлардан жасырдық. Бағалауда авторлардың ешқандай бедел, салмағы ескерілген жоқ.