Биыл Ақмола облысында 6 жел электр станциясы салынады
Биыл Ақмола облысында 6 жел электр станциясы салынады.
Оған 155 миллиард теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл инвест жобалар жүзеге асса жылына 300 МВт электр қуатын өндіруге мүмкіндік туады. Бұл жөнінде Бурабайда өткен «Qazaq Green Fest» халықаралық фестивалі кезінде белгілі болды. Шара барысында жаңартылатын энергетика көздерін дамыту жолдары қарастырылып, қордаланған бірқатар мәселелер де талқыланды.
Халықаралық фестиваль өңірде Ақмола облысында осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл да бекер емес. Себебі баламалы қуат көзін арттыруда өңірдің үлесі басым. Осы уақытқа дейін аймақта 9 жел электр станциясы салынған. Ал республика бойынша осындай 100-ден астам нысан пайдалануға берілді. "Десе де көрсеткіш көңіл көншітпейді", - дейді мамандар.
Нұрлан Қапенов, «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы:
- Бүгінде жасыл энергетиканы іске асыруда бірнеше мәселе бар. Мәселен, Қазақстан 130 жасыл энергетика көздерінің нысанын салды. Оның жалпы қуаты 2,5 мың МВт. Ал соңғы 2 жыл ішінде бұл көрсеткіштің төмендегені байқалады.
Электр энергиясын тарату да түйіткілді мәселеге айналған. Қазір қуат көзінің жетіспеуініне көмірмен жағылатын станциялар себеп болып отыр. Мамандар көгілдір отын үлесін арттырудың маңыздылығын айтады.
Гүлжан Нәлібаева, Қаржы-есеп айырысу орталығының бас директоры:
- Қазір 70 процент электр станциясы көмірмен жағылады. Ал ондай станциялар технологиялық тұрғыда мұндай режимде жұмыс істей алмайды. Сонықтан неге нарықты көмірмен жағылатын станциялар төменгі базаны алса, ал газбен жұмыс істейтін станциялар күндізгі және кешкі уақытты ала алмайды деген сұрақ туындап отыр. Себебі тұтынушыларға осы график керек.
Елімізде 2030 жылға дейін баламалы қуат көзінің үлесі 15%-ке арттыру жоспарда. Ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткішті 50%-ке жеткуі тиіс.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный