Елордада бірқатар аула жаңғыртылды
Елорданың Сарыарқа ауданындағы 5 мекенжайда ойын алаңдары мен тұрғын үй аулаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған шарада бүлдіршіндерге сыйлықтар таратылып, ойын-сауық бағдарламалары өткізілді.
«Халық қатысатын бюджет» – абаттандыруға бөлінген қаржыны тұрғындардың игеруіне мүмкіндік беретін жоба. 2019 жылдан бастап «Сарыарқа» ауданында азаматтардың осындай 54 бастамасы іске асты. Былтыр аумақта 45 аула жаңартылып, оның ішінде 23-і астаналықтардың елорда бюджетіне қатысуы аясында толықтай жөнделді.
Федор Пшенко, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
- Бұл жерде тұрғындардың барлық талап-тілегі ескерілді. Ауланы ойын баласы мен жасөспірімдерге арнап екіге бөлдік. Тіпті шағын саябағымызға дейін бар. Үйдің маңайы толық көгалдандырылды. Арманымызды орындау үшін еңбектенген әр азаматқа алғыс айтамын.
Бағдарламаға қатысу үшін қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарын дайындап, аудан аппаратының сайтына жүктеу қажет. Жоба сараптамалық кеңестің тексеруінен өтеді. Мақұлданған жағдайда дауыс беруге ұсынылады. Ең көп дауыс жинаған жобалар жазғы маусымның соңына дейін іске асырылады.
Бағжан Сәбденов, Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің бас маманы:
- Мысалы, Қосшығұлұлы көшесі, 7 мекенжайына келсек, мыңнан аса дауыс жинады. Сол себепті біз осы аула ұтып алған соң, біз қазір абаттандырып, бүгінгі балалар күніне орай ауланы ашып беріп жатырмыз.
Аулаларды абаттандыру жоспары тұрғындармен бірге қайта қаралып, мамандардың көмегімен толықтырылады. Абаттандыруға ауланы жөндеу, көгалдандыру, жол бетіне асфальт төсеу, шағын сәулет нысандарын ауыстыру және балаларға арналған алаңдар орнату жұмыстары кіреді. Биыл «Сарыарқа» ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша 15 ауланы абаттандырады. Тағы 12 мекенжай бойынша ойын алаңдары жаңартылады.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов.