Қостанайда қару-жарақ дүкеніндегі жарылысқа қатысты сот үкімі шықты
Төрт адамның өліміне әкелген оқиғаға дүкен директоры Сергей Бескровный кінәлі деп танылды.
Ол өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін айыпталды. Жәбірленушілердің 495 миллион теңге өтеу жөніндегі шағымы ішінара қанағаттандырылды. Естеріңізге сала кетсек, былтыр 3 қыркүйекте Қостанайдың орталығында қару-жарақ дүкені жарылып, сол маңдағы сегіз үй, бір техникалық қызмет көрсету орталығы өртеніп кетті. Сауда орнында жұмыс істеген төрт қызметкер қаза тапты. Қайғылы оқиғаға кінәлі дүкен директоры бес жылға бас бостандығынан айырылды. Айыпталушы жақ бұл үкіммен келіспейді. Аппеляциялық шағым түсіреміз деп отыр.
Анар Шаймұрынова, қалалық №2 сотының судьясы:
- Жиналған айғақтар абайсызда қылмыстық құқық бұзушылық жасалғандығын толық дәлелдейді. Заң бабында мұндай қылмысқа бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру санкциясы қаралған. Сот айыпталушының кішкентай баласы бар екендігін ескеріп, соның төменгі шегін тағайындап отыр. Сондай-ақ қару-жарақ айналымы саласында басшылық, әкімшілік-шаруашылық, ұйымдастырушылық жұмыстармен айналысуға екі жылға тыйым салынады.