Есірткі алқабы ғарыштан алақандағыдай көрінеді
Қызылорда осындай тәсілге көшті.
Жайылым-шабындықтар арасынан қарасора жайқалып тұрған бірнеше аумақ қашықтан зондтау құрылғысы арқылы анықталған. Мәселен, Төменарық ауылының тұсынан егуге тыйым салынған 222 түп өсімдік табылды. Ал Арал ауданында әлдекімдер қарасораны үйінің ауласына еккен. Қазір қылмыстылар ұсталды. «Есірткісіз аймақ» жобасын іске асыруға орманшылар мен әкімдік қызметкерлері де жұмыла кіріскен. Қазірдің өзінде 51 қылмыстық іс тіркелді.
Бақытжан Мырзабаев, облыс прокурорының орынбасары:
- Оның жетеуі егу, төртеуі сату, 40-ы тасымалдау болып табылады. Заңсыз айналымнан 12 келі есірткі заты алынды. Есірткі қылмыстарын анықтау мақсатында әлеуметтік желілерде QR-код арқылы халықпен кері байланыс орнатылды. Жергілікті бюджеттен жастар арасында наркотестілеу жүргізуге 3,6 млн теңге және уәкілетті органдарды техникалық қамтуға 101 млн тг бөлінді.