Елімізде адамның суға кетуі азаймай тұр
Елімізде жыл сайын 300-ге жуық адам суға кетіп, мерт болады.
Оның 100-ге жуығы, өрімдей балалар. Өкінішке орай, бұл қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Биыл, жыл басынан бері 45 адамның ажалы судан болған. Олардың 14-і кәмелетке толмағандар. Төтенше жағдайлар министі Юрий Ильиннің айтуынша, қайғылы жағдайлардың көбі арнайы жабдықталмаған жағажайларда болады. Әрі балаларды қараусыз қалдыру, мас күйінде шомылу да оқыс оқиғаға себеп болып отыр. Ведомство мәліметінше, маусымның 5-і күнінің өзінде 17 адам суға батып кеткен.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Бұл шынымен де алаңдатарлық жағдай. Қазір шомылу маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірлерде шомылуға қажетті арнайы орындар жабдықталып, жаңа жағажайлар салынып жатыр. Сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін профилактикалық жұмыстар жүріп жатыр. Соған қарамастан судағы қайғылы жағдайлар азаймай отыр. Өкінішке қарай, елімізде жыл сайын 300-ге жуық адам суға кетіп, қайтыс болады. Оның 100-ге жуығы балалар. Бұл қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді.