Ұлытауда жедел жәрдем станциялары жаңа көліктермен толықты

Ұлытау облысының жедел жәрдем станциялары жаңа көліктермен толықты.

«Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қолдауымен сатып алынған көліктер салтанатты түрде табысталды.

5 реанимобиЛьдің екеуі облыс орталығындағы станцияда қалады. Қалғаны Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Ұлытау ауданына жіберіледі.

Жаңа көліктер қажетті құрылғылармен жабдықталған. Мұнда өкпені жасанды жолмен тыныс алдыру аппаратына дейін бар. Бұл науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Әсіресе шалғайда жатқан ауылдардан науқас тасымалдауға қолайлы. 

Әмірхан Қабден жедел жәрдем станциясының қызметкері:

- Бұның плюстері дальный жолда ұрмайды деп ойлаймын. Анау бұрыңғы қысқа машинаның артында науқасты қатты соғып жүреді. Сондықтан осындай ұзын машина легче жүреді. 

Жыл басынан бері медициналық ұйымдардың автокөлік парктері жаңартылып жатыр. Бұған дейін дәл  осындай 7 көлік облыстағы жедел жәрдем станцияларына берілді. Ал бүгінгі 5 көлікті қосқанда,  аудандардағы медициналық көлік тапшылығы 100 пайызға жойылды. 

Еркебұлан Бейсенбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бірінші орынбасары:

- Жезқазған қаласы бойынша 75 пайызбен қамтамасыз етіліп отыр бүгінгі көліктерді қосқанда.енді болашақта лизингпен Ұлытау облысы әкімдігінің қолдауымен тағы 5 жедел жәрдем көлігі келеді деп күтіліп отыр. Тек қана ол Жезқазған қаласына беріледі. 

Жедел жәрдем станцияларының көліктерін толығымен жаңғырту облысты дамытудың кешенді жоспарына енген. 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 

Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:

- Халықтың денсаулығын қамтамасыз етуде бүкіл техникалық мүмкіндігін ұйымдастыруға атсалысып жатырмыз. Әрқашанда басқа да көптеген техникаларды алып беру жоспарда тұр. 

Техникадан бөлек ауылдық жерлердегі медициналық мекеме ғимаратын жаңғырту бойынша да бірнеше жоба бар. Бүгінде Ұлытау мен Жаңаарқа аудандарында 4 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүріп жатыр.  Қаражалдағы жұқпалы аурулар бөлімшесі ғимараты жөндеуден өтеді.  Жаңаарқа аудандық ауруханасы кеңейтіліп аймақтық көпсалалы аурухана статусы беріледі. Ал былтыр санитарлық авиация қызметі іске қосылды. 

ЕЛдос Кәкенов, Гүлшаһира Серекбаева