Көкшетауда лифт ауыстыру жұмыстары тұралап тұр
Көкшетаудағы лифтердің жарамдылық мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен.
Талап бойынша 25 жылдан артық қолданыста болғандары ауыстырылуы тиіс. Бірақ ескіні жаңарту баяу жүріп жатыр. Ал жауапты мамандар жеделсаты әлі де жарамды, жыл сайын техникалық тексерістен өтіп тұрады деп ақталады.
Сәбит Оспанов екінші топтағы мүгедек. Тоғыз қабатты үйдің бесінші қабатында тұрады. Зейнеткерге жеделсатымен мініп-түсу мұңға айналып отыр. Себебі ай сайын істен шығады.
Сәбит Оспанов, зейнеткер:
- Мен лифт сынған кезде мүлдем далаға шықпаймын. Өйткені қайтып көтерілу қиын. Біздің үйдегі 36 пәтердің 15-сінде зейнеткерлер тұрады. Өте қиын.
Сағаттап лифттің ішінде қалып қоятын көкшетаулықтар жазым боламыз ба деп жанын шүберекке түйіп жүруге мәжбүр. Одан гөрі баспалдақты пайдалануды артық көреді.
Абзал Құрмашев, қала тұрғыны:
- Лифт жиі сынады. Таңертен оқушылар сабақтарына кешігеді. Одан қалды, екі рет өртенді. Лифтке жауаптылар келіп оңдайды. 10 күндей істеп қайта бұзылады. Кішкентай балалар ішінде қалып қойған күндер болды.
Ал Вернадский көшесіндегі тоғыз қабатты үйдің жеделсатысы мүлдем тоқтап тұр. Істен шыққанына бір-екі жыл емес, бақандай 30 жыл болған.
Айжан Әлжанова, қала тұрғыны:
- Велосипед, коляскаларын көтеріп, түсіруге қиынсынам. Сондықтан барлығын сатып жіберіп, балаларды өзім түсіріп жүрмін. Балаларға қиын.
Жалпы қала бойынша 335 лифт бар. Оларға төрт компания қызмет көрсетеді. Техникалық талаптар бойынша бір лифтің орташа қызмет көрсету ұзақтығы 25 жыл. Одан кейін жаңасына ауыстыру қажет. Шаһарда осындай ширек ғасырға жуық жұмыс істеп тұрған жеделсатылар көп.
Сүлейман Сұлтан, лифт шаруашылығы компаниясының өкілі:
- Біз қаладағы 70 лифтқа жауаптымыз. Олардың басым бөлігі толық жөндеуді қажет етеді. Біз ондай жеделсатыларды тұрақты түрде тексеріп тұрамыз. Ал апатты жағдайдағы лифтердің мәселесін қала басшылығымен бірге шешуді көздеп отырмыз.
Қазір шаһардағы 37 жеделсаты апатты жағдайда болса, екеуі мүлдем істемейді. Қалалық әкімдік мерзімі өтіп өткен лифттерді биылдан қалдырмай қалпына келтіреміз деп сендірді.
Бауыржан Ғайса, қала әкімі:
- Конкурс өткіздік. Алматыдан компания келді. Олармен келісіп қойдық. Бізбен шартқа тұрды. Енді олар лифтерді жөндейді.
Биыл жөнделетін лифттердің дені жеке инвестиция есебінен жүргізілмек. Қалалық әкімдік 12 млн теңге бөледі.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шикоренка