Батыста жол құрылысы қызу жүріп жатыр

Батыс Қазақстан облысында да биыл жол құрылысы қызу жүріп жатыр.

Өңірдегі автомобиль жолдарын жөндеуге барлық қаржы көзінен 73 миллиард теңге қаралған. Соның ішінде Подстёпное-Федоров-Ресей шекарасы бағыты да бар. Көршілес Орынбор облысына шығатын халықаралық тас жол қашан тапсырылады?

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Қазыналы Қарашығанақ кеніші орналасқан Бөрлі ауданына апарар жолдың қазіргі сиқы осындай. Көліктің өкпесін өшіріп, қолқасын үзердей шұрқ-тесік. Подстепное-Федоровка-Ресей шекарасы жолын жөндейміз дегелі біраз болды. Алайда жолдың негізгі бөлігінде әлі қозғалыс байқалмайды. 

Жол азабын жүрген білер. Қырық жамау жолдың ойықтарынан қашам десең, қарсы бетке шығып кетуің мүмкін. Қашпасаң көлігіңе зақым келеді. Осыны жіті түсінетін естияр жүргізушілер тізгінді тартып ұстаса, тиын қуған таксистер әдетте асығыс келеді. Соңында көлік жөндеу стансаларына күндері түседі. 

Рустам Кустанов, дөңгелек жөндеуші:

- Жол да өте жақсы емес қой, тесік-тесік жол. Сол шұңқырға түсіп кетеді, дискіні майыстырып келеді. Соны жөндеп тастау керек болады. Түнде келеді көмек сұрап. 

Ғарифолла Аюпов, жүргізуші:

- Жер-жерде ойық, қиын жүру, авария көп болды. Қазір жамап болса да жөндеп келе жатыр ғой. Жамағанның пайдасы жоқ. жыл сайын жамайды ғой осылай. Жол саламыз дегелі бәлен жыл болды, салмай жатыр ғой. 

Подстепное-Федоров-Ресей шекарасына дейінгі жолды күрделі жөндеу жұмыстары былтыр басталды. Жол төрт бөлікке бөлінген. Бастапқы 36 шақырымы мен 108-144 шақырымында қазір құрылыс қызу жүріп жатыр. Соңғы учаскеде күні бүгін 23 шақырымның ескі асфальті кесіп алынып, 12 шақырымға табаны тартылыпты. Жеті шақырымға жаңа асфальт төселіпті. 

Данияр Шәкіров, учаске бастығы:

- Қазір бізде жұмыста адамдар 300 кісі бар, 150 техникамыз бар. Материалын Ақсай жақтан алып келеміз. Ең соңғы жұмыстарын бітіретін уақыты 2024 жыл сонда бітіреміз. Ойластырамыз, кішкене ертерек бітіріп, сондай өзімізге міндетіміз санап жатырмыз. 

Егер жолдың екі бөлігінде құрылыс қайнап жатса, 36 шақырымнан 108 шақырымға дейінгі аралықта әзірге ағымдағы жөндеу ғана. Мұның себебін мамандар қаржы тапшылығымен түсіндіреді. Республикалық бюджеттен мүмкіндік болмағасын, жол шетелдік инвесторлардың облыстың әлеуметтік жобаларына бөлетін қаражаты есебінен жөнделмекші. Ол үшін жолды «Қазавтожолдан» облыс әкімдігінің қарамағына беру көзделген. 

Айдар Меңеев, Автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Бірінші кезекте жер мәселесі. Жер актілерін жасау бойынша жұмыстар жүріп жатыр және орман қорынан шығару бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жұмыстардың барлығын маусым айында толық аяқтап, біздің балансқа беру жоспарында бар «Казавтожолдың». Содан кейін біз мұны қабылдап алып, әрі қарай жүзеге асыру үшін КПО б.в компаниясына беретін боламыз. 

Жоба-сметалық құжаттамаға сәйкес 72 шақырымды толық жөндеуге 35 миллиард теңге керек. Шетелдік инвесторлар альянсы жолды өз меншігіне алған соң мердігерлерді анықтамақ. 

Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов