Ұлттық құрылтайда үш тақырып талқыланып жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ертең Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын өткізеді.

Алқалы жиынның алғашқы күні, яғни бүгін үш тақырып қаузалады.

Қорған Қонысбайұлы @korgantore

- Алғашқы құрылтай былтыр маусымда ұлт ұясы Ұлытауда өткен. Сол жерде Мемлекет басшысы екінші құрылтайды ер түріктің бесігі болған Түркістанда ұйымдастыруды ұсынды.  Осылайша сан ғасырдың куәсі болған көне шаһарға кеше зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар жалпы қоғамдық пікір көшбасшылары жиылды. Құрылтай қарсаңында 3 жұмыс секциясы жоспарланған. Оның екеуі түске дейін өтті. Үшіншісі «Білім және ғылым» тақырыбымен түстен кейін басталады. Осы кезге дейін өткен екі секция барысында қоғамды жаңғырту, мәдени-рухани даму мәселелері талқыланды. Соның алғашқысы «Қоғамдық консолидация» тақырыбымен Фараб кітапханасында ұйымдастырылды. Модераторы - Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Ұлттық құрылтай хатшысы Аида Балаева. 

Бірінші сессия барысында Ұлттық құрылтай мүшелері азаматтық қоғамды дамыту, этносаралық бірлікті нығайту, қоғамдық бірлестіктердің қызметін заңнамалық реттеу, ұлттық идеология, өңірлердегі қоғамдық кеңестердің рөлі мәселелерін талқылады. 

Жеке талқылау блогы халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға арналды. Сарапшылар нотариустарды, адвокаттарды, полиция өкілдерін, прокуратура мен сот орындаушыларын тарта отырып, азаматтар үшін қоғамдық консультация ұйымдастыру тәжірибесін жаңартуды ұсынды. Отандық БАҚ пен медиа контентті дамыту жайы да пысықталды. 

Ал Ұлы дала елі орталығында өткен екінші секциясының тақырыбы «Мәдениет.Өнер.Руханият» деп аталды. Бұл жерде құрылтай мүшелері қазіргі ақын-жазушылардың шығармаларында ұлттық құндылықтарға басымдық беру, отандық әдебиет пен киноны дамыту жайын талқылады. Алқалы жиынға қатысып жатқан азаматтар мұражай, мәдени орталықтар мен кітапханалардың жағдайын жақсарту қажет деген ойын ортаға салды. Әсіресе алдағы уақытта ауылдық жерлердегі мәдени орындардың жұмысы жаңғыртылмақ. 

Азамат Сатыбалды, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры:

- Жұмыс секциялары барысында көтерілген бастамалар іске асуы үшін арнайы іс-шаралар жоспары әзірленеді. Яғни сарапшылар мен мемлекеттік орган басшылары айтылғандар сөз күйінде қалмайды деп отыр. Бұған дәлел былтырғы бірінші сессия дейді. 

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі: 

- Арнайы қосымша әзірлеуді былтыр Ұлытауда өткен бірінші құрылтайда Мемлекет басшысы таспырған. Министрден естігеніміздей ол іске қосылды. Бұл платформаға азаматтар қоғамдағы түрлі өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын жібере алады. 

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы бірінші құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Сөйтіп өткен жылғы қазан айында бұл күнді қайта атап өттік. 

Сонымен қатар биыл «Хабар» телеарнасында «Ұлттық құрылтай» арнайы бағдарламасы шыға бастады. Жоба барысында елдің дамуына ықпал ететін бастамалар талқыланады. Сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі аккаунттары іске қосылды. 

Осылайша Ұлттық құрылтай азаматтардың шағымдарын жинайтын ашық диалог алаңына айналып келеді. Жоғарыда айтып, көрсеткеініміз жұмыс секциялары. Ал ертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын өткізеді.