Үлкен Алматы айналма жолы ашылды

Еліміздегі ең ірі жол-көлік инфрақұрылымдарының бірі Үлкен Алматы айналма жолы ашылды.

Ұзындығы 66 шақырымдық айналма жолмен күніне 35-40 мың көлік жүреді деп жоспарланып отыр. «Жоба өңірдің экономикалық дамуына серпін береді», - дейді мамандар.

Үлкен Алматы айналма жолы елімізде ғана емес Орталық Азиядағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба саналады. Үш жыл бұрын түрік-кореялық консорциум құрылысты бастаған еді. Магистральдың техникалық категориясы ең жоғарғы - 1 «А» санатына жатады. Яғни, сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүруге болады. Жолақысы 200 теңгемен 2,5 мың теңге аралығында. Мысалы, жеңіл көліктерге бір реттік кіріп-шығу бағасы 240 теңге, салмағы екі жарым тоннаға дейінгі жүк көліктері 414 теңге, ал салмағы 10 тоннадан асатын көліктер 1 483 теңге төлейді.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

-  Шетелде осындай сияқты жолдар олар өте жоғары төлемдер алады. Ал осы жерде төлемдер төмен болады ғой. Ол жалпы  қалтаңа қатты тигізбейді. Бірақ, адамдар жайлы жолмен сонан кейін қауіпсіз жолмен жүреді. Ал қауіпсіздік ол деген әрине ақшамен бағалайды.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы келісімге сәйкес құрылыс жұмыстарын инвестор жеке қаражаты есебінен жүргізген. Инвесторлар 16 жыл бойы кепілдік береді. Мамандар, бұл жоба  көлік қатынасын жақсартуға, жүк тасымалының мүмкіндіктерін кеңейтуге, қала мен облыстың экономикасы ғана емес экологиясына да оң ықпалын тигізеді деп отыр. 

Төлеген Абдуллин,  ҚР ИИДМ автомобиль жолдары комитетінің төрағасы:

-  Бүкіл транзитті маршурттар мысалы Қорғастан жүрсе ары қарай Ташкент, Ресей Федерациясы болса да ол қалаға кірмей жүк таситын машиналар осы жолмен айналып ары қарай кете береді. Бұл мына қасында тұрған тұрғындар мысалы қалаға кірмей басқа жерге осы жолмен барып биыл қазір жаңа облыс ашылды. Орталығы Қонаев қаласында. Сол үшін анау Қаскелең жақта жүрсек қалаға кірмей осы жолмен айналып тіке жүре береді.

Айналма жол Алматы облысының үш ауданын басып өтеді. Қарасай, Іле, Талғар ауданының тұрғындары үшін жеңілдік қарастырылған. Олар  1 айлық абонементті 1725 теңгеге ала алады. Көлік тізгіндегендер ендігі жерде 66 шақырымдық айналма жолды жарты сағатта еңсере алады. Жолдың қыр-сырын біліп, жүргізушілер үйренгенше магистральмен жүру бір ай тегін болады.  

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон