Ақтаулық генетик-дәрігер 2 мыңдай жүкті әйелге көмектескен

Ақтаулық генетик-дәрігер Нұргүл Жүсіпова өз қызмет өтілінде 2 мыңға жуық жүкті әйелдің денсаулығын тексеріп, дүниеге дені сау ұрпақтың келуіне сеп болды.

Ақ халатты маман облыстық перзентханада акушер-гинеколог жұмысын да қоса атқарып жүр. Кәсіби маман аяғы ауыр әйелдерге биосынама жасап, ана мен бала денсаулығын жіті қадағалап келеді.

Нұргүл Жүсіпова айына орта есеппен 500-600 жүкті әйелді қабылдап, жатырдағы бала мен ана денсаулығын заманауи медқұралдардың көмегімен тексереді. Іштегі баланың дұрыс жетілуін бақылап, аяғы ауыр келіншекке қажетті ем алуға кеңес береді. Дәрігердің сөзінше, әлемде генетик-дәрігер тапшы. Бұл мамандық иесі сәби туылмас бұрын ағзасында ауытқушылық барын дер кезінде біліп, тиісті көмек берілуіне септігін тигізеді.

Нұргүл Жүсіпова, генетик-дәрігер:

- Әрине, қиындықтары бар. Балаң ауру болып тұр, анализі нашар шығып тұр. Немесе қайта түсіріп қарайық, үймен ақылдасып кел. Жолдасыңды алып кел деген кезде біздің халықтың менталитеті, сана-сезімі кішкене қиындау. Олардың қабылдауы басқаша. Біріншіден, ол өзін кінәлайды. Сосын күйеуіне айтуға қорқады. Айтпай, өзімен-өзі босанатындары да болады.

Ереже бойынша генетик-дәрігер баланың денсаулығында кінәрат барын  бірден айтпайды. Күмән туғызған деректер акушер-гинеколог, ультрадыбыстық зерттеу жүргізетін дәрігердің қатысуымен перинаталдық консилиумда талданады. Содан соң барып пациентке ескертіледі. Науқас баланы қалдыру немесе жасанды түсікке баруды жүкті әйелдің өзі шешеді.

Дыбыстық қыстырма. Генетик-дәрігер зертханада жұмыс істейді.

Нұргүл Саламатқызы Алматы медициналық университетін 3 түрлі мамандықта оқыған. Қазір ол облыстық перзентханада медико-генетикалық бөлім меңгереді.

Айта кетсек, облыс бойынша 2 генетик пен сәби ағзасында тұқым қуалайтын ауру бар-жоғын анықтайтын 1 цитогенетик-дәрігер халыққа қызмет көрсетеді.

Әсел Кесікова, цитогенетик-дәрігер:

- Цитогенетик және генетик-мамандарды айтып жатады егіздер сияқты деп. Себебі, бізге анализ тапсыруы үшін генетиктің жолдамасы керек. Сосын келіп маған анализ тапсырады. Ол 7-14 күн ішінде дайын болады. Бір айда 50-60 шақты инвазивті диагностикалауды жасаймыз.

Маңғыстау өңірі табиғи туу жағынан елімізде алдыңғы орында. Биыл 5 айда 8 мыңнан аса сәби дүниеге келді. Демографиялық өсім жоғары аймақта медицина қызметкерлері жетіспейді. Былтыр 107 дәрігер қызметке алынып, соның 21-і ауылдық жерге жіберілді. Барлығы тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, көтерме ақы төленді. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев