Елордада Әкелер күні ұлықталды

Әкелер күніне орай Елордадағы ботаникалық бақта салтанатты шара ұйымдастырылды.

Қазақ отбасында әкенің орны бөлек. Мәртебесі биік. Ел күнтізбесінде әкелер күні мерекесінің пайда болуы Елорда жұртшылығын ерекше марқайтты. Жаздың жаймашуақ күнінде "Әке – отбасы тірегі" open talks" салтанатты шарасына келген көпшіліктің ықыласы бұған дәлел. Әрине, бала үшін әке тау тұлға. Оған толғанбай лебіз арнау мүмкін емес.

"Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер" деген халық мәтелі ата-ананың бала өміріндегі маңызын айқындайды. Осы ретте жас буынға темірден түйін түйіп, оюлы кесте тігуді үйретуге бағытталған шеберлік сабағы мереке көркін қыздырды. Айтпақшы, көпшілікті қызықтырған мына әлеуметтік жобалар көрмесі. Онда отбасыларға арналған тегін қызметтер легі ұсынылған.

Арман Ашкин, ҚР АҚДМ азаматтық бастамаларды қолдау орталығы төрағасының орынбасары:

- Биылғы жылы осы әлеуметтік жобаларға 2,5 млрд қаражат бөлінді. Бұл жобалар әртүрлі салаларды. Инклюзия, отбасылық құндылық, жастар саясаты тақырыптарына арналған жобалар.

Қаз-қатар тігілген киіз үйлер мен алтыбақандар халықаралық әкелер күніне ұлттық рең беріп тұрғаны сөзсіз.

Мақсұтбек Айтмағамбет, "Әкелер одағы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Ботаникалық баққа келген халықтың көңілі шат. Көріп тұрғанымыздай, бәрі отбасымен, балаларымен жүр. Бұл жаңа мейрамның маңызын көрсетіп тұрғандай. Мұндай мерекелер отбасын нығайтады. Бірінші кезекке әкелерге өз мәртебесін ұғындырады. Бұл басты нәтиже. Қоғамда саналы әкелер көбейеді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де мерекенің маңызына тоқталды. Ол нағыз әкелерді ұлықтауға бағытталған шара ел аумағында жалғасын табатынын жеткізді.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Әкелер күнін еліміз бірінші рет тойлап отырғанымен, бұл мерекенің ғасырға жуық тарихы бар. Түркия, Үндістан, Грекия, Канада сынды 30-ға тарта мемлекетте бұл мереке халықаралық деңгейде аталып өтіледі. Ал Қазақстандағы мейрам бүгін Елордада бастау алды. Келешекте оның ауқымы кеңейе түседі. Бұл дегеніміз - әкелеріміздің ролін, отбасындағы құндылығын одан әрі арттыра түсері сөзсіз.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мұрат Әріпханов