Аstana Half марафонына қатысуға 6000-ға жуық адам ниет білдірген
Бүгін Елордада дәстүрлі Аstana Half жартылай марафоны өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
EXPO халықаралық көрмесінен бастауын алған желаяқтар марафонына қатысуға биыл 6000-ға жуық адам ниет білдірген. Жарысқа Қазақстаннан бөлек, әлемнің 20 елінен келген спортшылар да бәсекеге түсті. Жүгіруге келгендердің алғашқы легі жарыс жолына таңғы сағат 07:00-де шықты.
Ауқымы жыл өткен сайын артып келе жатқан Аstana Half жартылай марафоны елорда төрінде биыл екінші рет өтуде. Жарыс жолында сынға түскендер мүмкіндігіне қарай 3 түрлі қашықтықты бағындырады. Әуеқой спортшылар 10 шақырымды, ал сайысқа тыңғылықты дайындалған ең төзімділері 21,1 шақырымды еңсеріп өтті. Онымен бірге марафон аясында скандинавтық жаяу жүріс түрі бойынша да жарыс қарастырылған.
Қанат Қалманов, жарысқа қатысушы:
- 10 шақырым жүгірдім. бір жарым жыл дайындығым бар. 58 -54 минутта жүгіріп шыққан сияқтымын. Өте қуаншытымын. Жаттығайық. Шұғылданайық спортпен.
Марғұлан Ермағанбет, жарысқа қатысушы:
- Ултрамарафоншымын кәсіби. Бүгінгі 10 км-ге бірінші рет қатысып тұрмын. Бұған дейін 42 км-ге қатысатынбыз. Темпімізді ұлғайту үшін қатыстық.
Жетпіс жасты алқымдаған Көкшетаулық Жамбыл Айжанов та, бүгінгі марафоншылар сапында бағын сынап көруде. Егде жатсағы қария «мұндай додалардың бірінде қалдырмаймын, тұрақты қатысушысымын»,- дейді. Жүгіруден бөлек, спортты жанына серік еткен қария соңғы 30 жылдан бері шығыс жекпе-жек өнері бойынша шәкірт тәрбиелеп, бапкерлік етіп келеді.
Жамбыл Айжанов, жарысқа қатысушы:
- Бесінші рет қатысып тұрмын. Үш рет Астанада, 2 рет Алматыда. Былтыр результатым бір сағат төрт минут болған. Бүгін енді білмеймін қанша екенін. Өзімде осылай спортқа қатысып тұрамын. Бұдан басқа да үйде де жүгіріп жүремін. 3 км, 5 км,7 км, 10 км.
Ұйымдастырушылардың айтуынша марафонға еліміздің барлық өңірінен және шет елден 20-ға жуық мемлекеттің азаматтары тіркеуден өткен.
Иса Қалқа, ұйымдастырушы:
- Біз әйгілі Алматы марафонын 2017 жылдан бастап жүргізіп келе жатырмыз. міне 11 жыл болды. Өткен 2022 жылдан бастап елордамызда бірінші рет жартылай марафоннан бастауды шештік. Одан кейін Түркістан қалалаларында, жалпы өзіміздің Қазақстанның түкпір-түпкірлерінде өңірлерінде жарыстар өткізетін жоспапрларымыз бар.
Азамат Серікхан, тілші:
- Қазақстанға ғана емес, Орта Азияға беделі биік жартылай марафонға бүгін 6000 ға жуық спортшы қатысып, бақ сынауда. Желаяқтар 10 және 21 шақырымда бәсекеге түсіп жатыр. Қазір спортшылардың соңғы легі Экспо халықаралық көрмесі аумағында орналасқан мәре сызығын кесуде.
Ерлер арасындағы 21 шақырымдық межеде мәре сызығын бірінші болып Ресейдің Омск қаласынан келген Михаил Кульков 1 сағат 7 минутта кесіп өтті. Алайда ол, аталған қашықтықты былтыр 1 сағат 2 минута жүгіріп өткен ресейлік Ринас Ахмадиевтің рекордын жаңарта алмады. Екінші Қырғызстандық азамат келсе, соңғы үштікті Өзбекстандық спортшы түйіндеді. Әйелдар арасында жүлделі үздік орындар Қырғызстан, Беларусь және Украина елінен келген марафоншыларға бұйырды. Шара соңында барлық жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталады.