Арал теңізінің құрғап қалған 1 млн га алқабына сексеуіл егіледі

Арал теңізінің ұлтанында су бұрғылау жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұдан шығатын тіршілік нәрімен ең алдымен сексеуіл суғарылады. Одан қалды аң-құсқа суат.

Жалпы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғап қалған 1 миллион 100 мың гектар алқабына сексеуіл егілуге тиіс. Қазір осы жоспардың жартысы орындалды. 

Қызылорда облысы аумағының 7 миллион гектар жерін орман алқаптары алып жатыр. Даланы көмкерген жасыл желектің басым бөлігі – сексеуіл. Қазіргі таңда шөлейтті аумақта күй талғамай өсетін ағаш қорын молайту жұмыстары Аралдан бөлек, Жезқазған бағытындағы жол бойына да егіліп жатыр.    

Марат Құрманбаев, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Алдыңғы жылдары 100 мың га, былтыр 250 мың га сексеуіл егілді. Биылғы жылдың көктем мезгілінде 50 мың га көшет отырғызылды. Қалған жұмыстар күзде жалғастырылатын болады. Оған қоса 150 мың га жерді Экология, табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы комитетінің күшімен қосымша атқарылатын болады.

Сексеуіл тұқымы мен көшеті 3 тәсілмен егіледі. 1 гектар аумаққа 3,5 келідей тұқым себіледі. Орман шаруашылығына қарасты тұқымбақта 3 санатты сеппе және қаламша өскін қоры дайындалып жатыр. 

Ғалымжан Қалдыбеков, орманшылық басшысы:

- Ұшақпен сосын дельтапланмен сеуіп шығады теңіз ұлтанына. Жалғыз Қазақстан екпейді, Өзбекстан мемлекетімен де келісімге келгенбіз. Олар да, біз де егіп, Арал теңізі ұлтанында құм мен тұздың көшпеуі үшін сексеуілді егіп жатырмыз. Бір түп сексеуіл 4-5 жылда өсіп шықса, 1 тоннадай құм-тұзды ұстап тұрады деген есеппен егіп жатқан жайымыз бар.   

Қазіргі таңда тартылған Аралдың құрғаған ұлтанының көлемі 4,5 миллион гектардан асып кеткен. Оның жартысы Қазақстан аумағына кіреді. Тәуелсіздік алғалы экологиялық шаралар нәтижесінде теңіз табанының біраз бөлігі сексеуілді орманға айналды. Енді сол тоғайлы алқапты қорғау, өрттен сақтау шараларына жергілкті қазынадан былтыр 600, биыл 866 миллион теңге бөлініп отыр.  

Марат Құрманбаев, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Бұл қаржыға орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық техникалық базасын нығайту мақсатында қосымша 2 өрт сөндіру техникасын алдық. Қосымша 2 трактор алдық және 4 патрульдік машина алынды. 60 жуық мотоцикл алынды. Бұл да – орман өртінің алдын алу және болған жағдайда тез арада жою жөніндегі атқарылып жатқан шаралар.   

Орманшылар сексеуіл, сарсазан, барқын, түзгіннен бөлек шөлейтті климатқа бейімделген сыр талы, қарағаш пен үйеңкі ағаштарын да көптеп егуді жоспарлап отыр. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.