Жамбылдық орманшыларға жаңа 121 техника берілді
Су жаңа тракторлар мен жер жыртуға, тұқым себуге арналған құрылғылар орман өртінің алдын алып, ағаш егуге пайдаланылады.
Сөйтіп, аймақтағы мекемелердің материалдық-техникалық базасы 78 пайызға жаңарды. Жергілікті билік бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түре жалғастырмақ.
Жамбыл облысында орман шаруашылығына қарасты 15 мекеме бар. Олар өрттің алдын алу, орманды алқапты кеңейту жұмыстарымен айналысады. Бүгінде 26 мың гектардан аса жерге 50 миллионнан астам сексеуіл және қарағаш егілді.
Орынбек Мәдібек, Қосқұдық орман өрт станциясының басшысы:
- Белгіленген мөлшерде 800-1000-1500 гектар көлемінде сексеуіл тұқымдарын себеміз жыл сайын. Сол себепті осы сеялкалар өте қатты қажет. Бізде де 95-97 пайыз материалдық техникалық базамыз жаңарып келе жатыр.
Мекемелерге берілген су жаңа 121 техника аудандарға аттанады. Олардың қатарында 9 МТЗ тракторы мен 6 жеңіл автокөлік бар. Оған қоса тұқым себуге арналған тіркелмелер мен өртке қарсы жер жыртуға арналған соқалар берілді.
Кенжебек Абай, Мойынқұм аудандық орман шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Көктемгі уақытттарда мына көшет отырғызу, техника беріліп жатыр. Тұқым себу техникалары беріліп жатыр. Сексеуіл өртінің алдын алу үшін тек қана трактор соқасымен пайдаланылады. Сол ғана өрттің алдын алады. Енді әр лесхозға бір-бір трактордан беріліп жатыр.
Салтанатты шарада салада жемісті еңбек етіп жүрген қызметкерлер «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. Жалпы Жамбыл облысы аумағының 31 пайызын орман қоры құрайды. Ал ондағы дала өртінің тұтанбауын 932 қызметкер тәулік бойы бақылайды.
Олжас Баққараев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты қорғау басқармасының басшысы:
- Өртті болдырмау мақсатында бізде 61 бекет 24 сағат жұмыс жасап тұр. Одан бөлек бізде 34 мұнара бар. Мұнараларға сағат сайын кезекшілер шығып жалпы өзінің территориясына бақылау жұмыстарын жүргізеді.
Жергілікті билік орманшылардың жалақысын көртеру бойынша жұмыстар атқаруда. Соңғы 3 жылда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға 600 млн тг бөлінген. Бұл бағытта биыл тағы 300 миллион теңгеге сұраныс берілді.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә