Ұлытау облысы әкімінің алдында көптеген мәселені шешу міндеті тұр

Ширек ғасыр өзге облыстың құрамында болған Ұлытау өңірінде қордаланған мәселе көп.

Көрші облыстармен жалғайтын жол әбден тозған. Жергілікті халық ауыз судың 70 пайызын ашық су қоймасынан тұтынып отыр. Ал қыста жылу жетіспейді. Тұрғын үй құрылысы да тұралап қалған. Облыс әкімдігі алдында осы мәселелердің шешімін табу міндеті тұр.

Жезқазғанға ауызсу жеткізетін Үйтас-Айдос су құбырының қазіргі күйі сын көтермейді. Нысан қайта жаңғырғанымен сұранысты толық қамти алмайды. 90 мың адамға көл суын тазартатын гидроцех 1960 жылы салынған. Қондырғылары, технологиясы ескі. Сол себепті былтырдан бері мұнда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.  

Мәруа Келмағанбетова Жезқазған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы

- Суды тазартудың ең жаңа соңғы үлгісі мемброналық технология, кері осмос деп аталады. Сол қондырғылар орнатылады. Келісім-шарт бойынша жобаның аяқталу мерзімі 2025 жыл. 

Соңғы 25 жылда Жезқазған қаласында құрылыс бәсеңдеді. Білім беру саласы бойынша соңғы үш жылда жаңадан жалғыз ғимарат салынған. Ол 2021 жылы Мемлекет басшысы ашқан мектеп-интернат. Соның өзі толық аяқталған жоқ. Биыл 200 орындық жатақхана құрылысы басталды. Одан бөлек облыста 3 мың пәтерлік 28 үй салынады.  

Аман Дауылбаев, мердігер ұйым өкілі:

- Бұл жерде 90 квартира салынады. Бұның бәрі акиматтың заказымен салынып жатыр. кредиттік баспана. Қазір осы жерде 30 адам жұмыс істеп жатыр. өзіміздің бетонный узиліміз бар. Арматура да, цементіміз де келіп тұр.

Қарқынды құрылысқа жылудың жетіспеуі кедергі. Жылу құбырлары 70 процентке тозған. Бұл мәселе де бір-екі жылдың көлемінде шешімін табады. Бұл мақсатқа 2,7 млрд теңге бөлінді.

Денис Кисляков, мердігер ұйым өкілі:

- Бұл жұмыстар 10 маусымда басталған. Бүгінге дейін 40 пайызы орындалды. Шілденің соңына дейін негізгі және абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталады. 

2025 жылға дейін 3,5 мың абонент көгілдір отынға қосылады. Қазір Жезқазғанды газдандыру бағдарламасының екінші кезеңі жүзеге асып жатыр. Бұл жұмыстар аяқталған соң Атасу, Жәйрем және Кеңгір кенттерін газбен  жабдықтау желілерін салу көзделіп отыр.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев