Көкшетауда қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысы өтті
Мәжіліс депутаттары мен ұлттық экономика және қаржы вице-министрлерінен құралған делегация өңірдің қоғам қайраткерлерімен кездесіп, бірқатар әлеуметтік нысанның жұмысымен танысты.
Кездесуде бюджетаралық қарым-қатынас мәселелері талқыланды.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен облыс бюджетінің тиімді жұмсалуы. Осы қос тақырып көшпелі жиынның негізгі өзегіне айналды. Соңғы жылдары аймақта бірқатар салада өсім бар. Әсіресе ауылшаруашылығы және өнеркәсіп салалары көш бастап тұр. Бұл туралы облыс әкімі мәлімдеді. Биылдың өзінде аймақ қазынасының жартысы әлеуметтік салаға бағытталды.
Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі:
- Ұлттық жоба аясында денсаулық сақтау саласы бойынша көпбейінді екі аудандық аурухананы жөндеуді жоспарлаймыз. Ауылдарда медициналық 38 ұйымның құрылысы басталмақ. Экономиканың нақты секторын қолдауға 203 млрд теңге бөлінді. Ол жаңа инновациялық нысандарды жүзеге асыруға бағытталмақ. Ақша халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға жұмсалады. Жол, су құбыры, электр желілерін жөндеу сияқты ауқымды жұмыс атқарылады.
Бюджет қаржысын қайта қарау мәселесі де өзекті. Комитет төрағасы ел қазынасынан бөлінетін әр тиынды тиімді жұмсау керегін айтты. Көшпелі жиында аймақтағы тың жобалардың маңызы сараланды.
Мәди Тәкиев, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы:
- Біз әр аймақтың өзара тәуелділігін саралауымыз қажет. Олардың салық әлеуетіне назар аударамыз. Осы арқылы бюджет саясатын құрамыз. Тек бәрі жоспарлы түрде жүзеге асуы шарт. Бізде 20 өңір бар. Әрқайсының өз қажеттелігі бар. Сондықтан қазынадан бөлінетін қаржының жүйелі жұмсалғаны дұрыс.
Делегация мүшелері №2 аудандық қазандықтың жай-күйімен танысты. Сонымен қатар «Сарыарқа» шағын ауданындағы жаңа емхана мен ауыл шаруашылығығына қажетті заманауи техникаларды, өзге де құрал-жабдықтарды жеткізетін кәсіпорында болды. Ақмола облысындағы жұмыс сапарының қорытындысы бойынша комитет мүшелері бюджетаралық қатынастар саласындағы барлық мәселені қарап, бақылауға алды.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный