БҚО-да шалғайдағы елді мекендерге жол салынып жатыр

Батыс Қазақстан облысында шалғайдағы Жәнібек және Бөкей Ордасы аудандарына апарар жолдың құрылыс қызу жүріп жатыр.

2019-2022 жылдары 245 шақырымдық бағыттың жартысы жөнделсе, биыл 40 шақырымға асфальт төселіпті.

Мамандардың айтуынша, қар түскенше қалған 80 шақырым жолдың төменгі қабатын төсеп бітіреді. Алайда битум және вагон тапшылығынан жоспар орындалмай қалуы мүмкін.

Казталов-Жәнібек жолы 3, одан тарайтын Өнеге-Бисен-Сайқын бағытындағы жол 2 учаскеге бөлінген. Күні бүгін 1 және 3-бөлікте жолдың төменгі қабатына асфальт салу аяқтала келді. Ауыр көліктер буы бұрқыраған асфальтті тынымсыз тасып, арнайы техника оны сол сәтінде төсеп, тапап жатыр. 

Дулат Құспанов, жұмысшы:

- Күніне 500-600, жүріп кеткен уақытта 900 метрге дейін саламыз. Таңертеңнен кешке дейін осы асфальт. Жұмыс енді қиын күндерде болады. Күн ыстық кезде қиын болады. Асфальттің ыссылығы, күннің ыссылығы.

Ал Казталов-Жәнібек жолының 53-95 шақырымындағы екінші учаскеде жұмыстар енді басталыпты. Бұрынғы жауапсыз мердігерден қайтарып алған бөлікке қайтара тендер өткен еді. Қазір жолдың табаны тартылып, негізі жасалуда. Ол үшін цемент пен құмды және химиялық қоспаларды ресайклермен араластырады. 

Данияр Махошев, учаске бастығы:

- Әуелі астын тегістеп, жер қабатын, жол қабатын нөлге келтіреді землянкасын. Сосын цемент шашу арқылы беріктік береді жоба бойынша қатты қылуға. Жолдың негіздемесін цемент, ПГС және химиялық қоспа бар. Олар араластырып, су тасушы артынан жүріп отырады. 

Өнеге-Бисен-Сайқын бағытында да құрылыс қарқын алған. 105 шақырымның қазір 40 шақырымы қалыпты. Жалпы құрылыс басталған 5 жылда ең өнімді жұмыс істелгені биыл ғана. Жаз шыққалы 40 шақырымға асфальт төселген. Енді қалғаны 80 шақырым. Бірақ мамандар битум тапшылығы қол байлай ма деп қорқып отыр. Өйткені 22 маусымнан бастап Павлодар мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуге жабылған. Ал Ақтау битум зауытының қуаты жеткіліксіз әрі бағасы қымбат. Сол себепті көрші Ресейден 300 мың тонна битум алуға тез арада квота қажет.

Марат Махамбетов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Торапты дамыту департаментінің директоры:

- Қазір Ресейден битум алуға рұқсат жоқ. Оның себебі кезінде Қаражамбас мұнайда Каспи битум ашылған кезде өзіміздің жергілікті өнімді алсын деген ниетпен Ресейді жапқан болатын. Егер ол зауыттар қамтып тұрса қажеттілікті Ресейге қарамас болар едік. Сондықтан қазір жетпейтін болғандықтан Ресейге көңіл бұрып отырмыз. Осы сұрақты дереу шешу керек. 

Екінші мәселе қиыршық тас тасымалдайтын вагон тапшылығы. Күні бүгін «Қазақстан темір жолынан» Орал өңіріне 618 вагон бөлінген. Атырауда 644, Ақтөбеде 148 вагон жүр. Алайда шілде айынан бастап батыс өңірлерден біраз вагонды қайтарып алмақ. Онда құрылыс тоқтап қалу қаупі бар.  

Марат Махамбетов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Торапты дамыту департаментінің директоры:

- Қазір вагондарды алып кетеміз деп жатыр. Келесі айдан бастап 600 вагондай жетіспеушілік болайын деп тұр. Онда бізге қиын соғады. Онда алған міндеттемемізді орындау қиын болады. Сондықтан қазір сұрайтынымыз артық вагон сұрап жатқан жоқпыз. Сол бар вагонды маусым аяғына дейін қолданып, жолдарымызды салып алу керек. «Қазақстан темір жолы» басшылығынан және министрліктен сұрайтыным, істеп жатқан вагондарды алып тастауға болмайды. 

Тағы бір өзекті мәселе Хан Ордасы ауылына жол салу жайы. «Қазавтожол» компаниясы облысқа сілтесе, жергілікті әкімдік қаржы жоқ деп аузын қу шөппен сүртеді. Күре жолдан ауылға дейінгі 21 шақырым жол жөнделсе, тарихи мекенге келер туристерге тоқтау болмас еді.

Е.Жылқайдарұлы, Қ.Махмудов