Жетісу облысында 6 айда 55 борышкер жұмысқа орналастырылды
700 мыңдай тұрғыны бар Жетісу облысында балаларына алимент төлей алмай жүрген әкелердің саны 8 мыңға жетті.
Соның 700-ге жуығының атында ешбір дүние-мүлік тіркелмеген. Жергілікті әкімдік пен өңірлік сот орындаушылар палатасының өкілдері борышкерлердің қордаланып қалған қарызын өтеу мақсатында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастыруда. 6 айдың ішінде 55 борышкер жұмысқа орналасып, балаларына алимент төлей бастаған. Көксу ауданының тұрғыны Асылбек Әнәпияев алимент бойынша қордаланған қарызы 700 мың теңгеге жеткендіктен, Талдықорғанда өтіп жатқан бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне қатысып көруді ұйғарыпты. Бүгін ол қаладағы кәсіпорнындардың біріне дәнекерлеуші болып жұмысқа орналасты. Мұндай шаралар облыстың барлық аудандарында ұйымдастырылып жатыр.
Асылбек Әнәпияев, борышкер:
- Алименттен қарыздарым болған. Сол жұмыспен қамту орталығы жұмыспен қамтамасыз етіп отыр мысалға осы күнде. Борыштан қашпаймыз, төлейміз алиментті. Осы жаққа келіп, жұмыс тауып отырмыз, рақмет!
Руслан Исаев, облыстық жеке сот орындаушылар палатасының басшысы:
- Егерде бұған көнбей, жаңағыдай жұмысқа тұрмайтын жағдайда біз ол борышкерлерді жазаға тартамыз. Яғни ол әкімшілік жаза, қылмыстық жаза. Осы 6 айдың қорытындысы бойынша Жетісу облысында қазіргі күні 94 адам әкімшілік жазаға тартылды. 11 борышкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды қазіргі күні.