Елде полицейлер жастар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізеді
Полицияның жоғары деңгейдегі өкілдері университеттер мен мектеперге барып, заңдарды жастарға түсіндіреді.
Әсіресе, заң бұзудың салдарын анық көрсетуге тиіс. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырды. Президент Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісін өткізді. «Қоғамда заң үстемдігі, тәртіп болуы қажет. Полиция қызметкерлері осы қарапайым тұжырымдаманы халыққа, азаматтарға, әсіресе, жастарға жеткізуге тиіс», - деді Президент.
Қылмыстық және қылмыстық процестік туралы заң жобасы әзірленді
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Арыз-шағымдарды барынша жылдам әрі кәсіби түрде қарастырып, әрекет ету қажет. Алайда шағымдардың көптігі құқық қорғау жүйесінің бұл міндетті тиісті деңгейде атқара алмай жатқанын көрсетеді. Азаматтар жылдар бойы талай мекеменің табалдырығын тоздырып, нақты жауап таппай, шындыққа қол жеткізе алмай жүр. Сондықтан менің тапсырмам бойынша Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі комиссия қылмыстық және қылмыстық процестік заңнаманы жетілдіру туралы заң жобасын әзірледі. Бұл құжат тергеушілердің және анықтаушылардың жұмысын жеңілдету үшін керек.
Президент: Құқықтық сауатсыздықтың салдары ауыр
Сондай-ақ Президент алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізу керектігін айтты. «Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекеттерінен халық зардап шегуде»,- деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев - Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өкінішке қарай, біздің жастарымыздың арасында заң сауатсыздығы кеңінен таралған, басқа сөзбен айтқанда, жастарымыз заңды білмейді, заңды сақтаудың мән-маңызын түсінбейді. Ал мұндай құқықтық сауатсыздықтың салдары өте ауыр.