Қ. Тоқаев: Қылмыстық схемалар пайда болды
Ел аумағына ретсіз әкелінген шетелдік көліктер де жолдағы жағдайды ушықтырып жіберген.
Олар тіркеусіз жүрді. Мұндай көліктерді тізгіндеген жүргізушілер жол жүру ережесін өрескел бұзды және көбіне жазасыз қалды. Сондықтан құқық қорғау органдары осы саладағы мамандармен және азаматтық белсенділермен бірлесіп, аталған мәселемен жан-жақты айналысуы керек. Жиында Мемлекет басшысы осыны тапсырды.
Цитата
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Уәкілетті мемлекеттік органдардың үстірт шешімі осындай көліктердің елге жаппай әкелінуіне себепші болды. Енді жіберілген олқылықтарды түзеуге мәжбүр болып отырмыз. Оның ішінде Ішкі істер министрлігінің де қателіктері бар. Бұдан бөлек, шетелдік көліктерді әкелумен және оны есепке қоюмен айналысатын қылмыстық схемалар пайда болды. Оған полиция қызметкерлерінің де қатысы бар. Әділетті әрі құқықтық мемлекетте бүкіл құқық қорғау жүйесінің атына кір келтіретін мұндай заңсыздықтарға жол берілмеуі керек.