Маңғыстау облысындағы «Қошқар ата» қоймасындағы жұмыстар қашан аяқталады?
Маңғыстау облысындағы «Қошқар ата» қалдық қоймасын залалсыздыру мәселесі - Сенат назарында.
Бұл туралы Мұнайлы аудандық мәслихат депутаттарымен кездескен сенатор Бекбол Орынбасаров мәлімдеді. Қойманы рекультивациялау жұмыстары 2021 жылы басталған. Сол кезде мемлекеттен 1 миллиард теңге қаралып, 266 гектар жер карьер құмымен көмілген. Тағы осыншама аумақты мердігер өз қаржысына жасап шыққан. Дегенмен 4 мың 200 гектар аумақтың бүгінде тек 12 пайызы ғана залалсыздандырылған. Биыл жалғасатын жұмыстар тоқтап тұр. Себебі, бұған дейін 15,5 млрд теңгеге бағаланған жоба инфляция салдарынан құнсызданып, кері қайтарылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Маңғыстау облысының әкімдігіне «Қошқар-ата» қалдық қоймасы мәселесін 2024 жылы аяқтауды тапсырған болатын.
Бекбол Орынбасаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бұл жерде жоба жасалғаннан кейін, біз жоба жасаған адамға талап қоя алмаймыз. Жалпы норматив бар. Соның аясында жасалған шығар. Бірақ мына депутаттардың да, жергілікті халықтың ойларын біз ескеруіміз керек. Сондықтан біз мәселемен біз жүйелі айналысамыз. Жобаның құны шыққан екен. 49 млрдтай деді. Барлық ақпараттарды жинақтап, Үкіметке депутаттық сауал жасағым келіп отыр. Бұл мәселені қарауымыз керек.