Жамбыл облысындағы 4 ауылға таза ауызсу берілді
Елорада күні қарсаңында Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 4 ауылға таза ауызсу берілді.
Бұған дейін Жібек жолы, Бота-мойнақ, Сары-барақ пен Тегістік ауылдарында орталықтандылыған ауызсу желісі болмаған. Енді міне мереке қарсаңында 2 мыңнан аса халық таза суға қол жеткізді.
Жаңагүл Көшербаева 30 жыл бұрын Жібек жолы ауылына келін болып түскен. Ауыл тұрғыны бұған дейін ауыз суды тасып, кейін құдық қазып амалдағандарын айтады. Бірақ елді мекен қырда орналасқандықтан жаз уақыттарында құдық суы да сарқылып, әбден әбігерге түскендерін айтады.
Жаңагүл Көшербаева, Жібек жолы ауылының тұрғыны:
- Көктемде су тартылып кететін. Сонда үй аралап көршілерден тасып, кірлерімізді анау ағын суға арықтарға барып жуып жүретін замандар болған. Енді міне су келіп жатыр биылдыққа. Су тіршіліктің көзі деген. Рахаттанып қалдық. Ауылда да барлығы қуанып, қуанышында шек болмай.
Жібек жолы ауылына орталықтандырылған ауыз су жүйесі 381 млн теңгеге кіргізілді. Қазір ондағы 90 үйдің ауласына дейін су желісі жеткізілген. Ауыл жағдайының жасалып жатқанына тұрғындар разы.
Бейсен Жүзгенбаев, Жібек жолы ауылының тұрғыны:
- Ауыл жылдан-жылға көркейіп келе жатыр. Өте дұрыс жағдай болды. Халық өте қуанып жатыр. Мынау бұрын болмаған жағдай болғаннан кейін, үйіңізге газ келіп тұрса үйіңізге су кеп тұрса, көшеде светіңіз жанып тұрса, асфальтіміз бар. Одан артық не керек.
Мереке қарсаңында Жібек жолымен қатар тағы 3 ауылда су тарату станциялары іске қосылды. Жалпы Байзақ ауданында биыл 9 елді мекен таза сумен қамтылмақ. Оған бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінді.
Жарқынбек Шоғалов, Байзақ аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- 2025 жылға дейін Қазақстан бойынша толық елді мекендер сумен қамтылу барысында бізде мынау Жаңасаз, Төрткүл, Шахан, Қайнар деген 4 елді мекен бар. Осы 4 елді мекенге 25 жылға дейін құрылыс жұмыстарын жүргізіп, амандық болса 2025 те 100 пайыз сумен қамту жұмысы аяқталады. Одан бөлек мынау 43 елді мекенде 100 пайыз қазір газбен қамтылды.
Жалпы Жамбыл облысындағы 367 елді мекеннің 285-інде таза ауыз су бар. Жауаптылар 2025 жылға дейін қалған 82 ауылға орталықтандырылыған су желісін кіргізуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә