ҚР ІІМ: 205 915 шетелдік автокөлік заңдастырылды

Елге шет мемлекеттерден әкелінген 206 мыңға жуық көлік заңдастырылды.

Қазақстандық есепке қойылған темір тұлпарлардың басым бөлігі Кеден одағының үш елінен әкелінген: Ресейден – 136 636 көлік, бұл автокөліктердің жалпы санының 66%-ы. Армениядан 38 мыңға жуық, Қырғызстаннан 22 мың көлік елге әкелініп, тіркеуден өтті. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде есептен шығарылмаған автокөліктерді заңдастыру кейінге қалдырылды. Алайда, бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған жағдайда оларды 5 жыл мерзімге уақытша тіркеуге қоюға мүмкіндік бар. Бұл науқан 17 шілдеден басталады.

Қазақстандық тіркеуге қойылды:

Барлығы – 205 915 автокөлік

Ресейден – 136 636 (66.3%)

Армениядан – 37 914 (18.4%)

Қырғызстаннан – 22 144 (10.7%)

Қайсар Cұлтанбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

- Уақытша есепке қою кезінде ҚР көлік құралын тіркеу туралы куәлігі және мем көлік нөм белг беріледі. Бұл жерде 15 мың тг алым төленеді. Тіркеу туралы куәлікте уақытша есепке алу, иеліктен шығару және ҚР-дан тыс жерлерге шығу құқығынсыз деген жазбалары көрсетіледі.

Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша қазіргі уақытта елде шетелдік нөмір тағып, тіркеуден өтпеген 100 мыңнан астам көлік бар. 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген көліктер заңдастырылмайтындығы көлік иелерінің қаперіне тағы да салынды. 22 мамырдан бастап қосалқы бөлшек ретінде әкелінген көліктерді заңдастыруға рұқсат берілген болатын. Бүгінге дейін 15 мыңға жуық автоконструктор заңға сай тіркеуден өтті.