Астанаға ауызсу қайдан келеді?
Астана су қоймасын тазалауды тездету керек.
Соңғы зерттеу жұмыстары қоймасың 30%-ке ластанғанын көрсетті. Бұл су қорының азаюына да әсер етіп отыр. Астананы ауызсумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз су қоймасының келешегі не болмақ? Келешекте судан тарықпаймыз ба?
Астана су қоймасы 50 жылдан бері халықтың игілігне жарап тұр. Бірақ осы күнге дейін көл табаны еш тазартылмаған.
2 жыл бұрын Қазгидромет мекемесі батиметрикалық түсірілім жасап, 47 млн текше метр аумақтың ластанғанын көреді. Бұл – су қоймасының 30%-і.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Қазір мұнда 312 млн текше метр су қоры бар. Ал биылға сұраныс – 97 млн текше метр. Оның жартысы Астанаға жіберіліп үлгерген. Яғни, жыл соңына дейін де халық тіршілік көзінен тарықпайды, - дейді мамандар. 2030 жылы Астана халқы 2 млн-нан асса, 150 млн текше метр су қажет болады.
Яғни, уақыт өткен сайын сұраныс та артады. Әу баста 410 млн текше метрге есептелген қоймаға биыл 70 млн текше метрдей су жетпей қалды. Көктем жылы болып, қар суының көбі буға айналып кеткен.
Олжас Тұржанов, «Қазсушар» Ақмола филиалының бас инженері:
- Бұл су қоймасының 90%-і – еріген қар суы. Біз Есіл бассейні инспекциясымен бірге су тасқыны кезеңінде әрі суды толтырып, әрі маңайдағы елдімекендерді су шаюдан сақтауға тырысып жатамыз. Бәрін реттеу керек. Арнасай, 42-інші айырық, Жібек жолы елді мекендерінде мәселе бар. Қазір су аз келіп жатыр. Біз биыл 70 млн текше метр су жинай алмай қалдық.
Су қорының жылдан жылға азайып бара жатқаны Президентті де алаңдатты. Ол көл түбін тазарту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Астана халқының саны өсіп, тұтыну көрсеткіші өскенін ескерген құзырлы министрлік қойманы тереңдету, тазалау бойынша қос жобаны қолға алмақ. Алғашқысына мемлекеттік сараптама жасалып жатыр. Екіншісі бойынша конкурстық жұмыстар басталды.
Сейілбек Нұрымбетов, ҚР ЭТРМ Су ресурстар комитетінің төрағасы:
- Реконструкциялау бойынша су бөгетін жобасы 116 млн теңге ЖСҚ қаржы бөлінген. Қазір мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Екінші Ертіс Қарағанды каналына берілген суды Астанаға дейінгі Есіл өзенінің бойын тазалау, су арнасының су алатын жеріне дейін тазалау бойынша 180 млн ақша бөлініп, ЖСҚ әзірленді. Мемлекеттік сараптама өткеннен кейін қосымша ақша сұрайтын боламыз.
Ал Астана су қоймасын тазаламас бұрын арнайы сүңгуірлер су түбінде нақты не жиналғанын анықтауға тиіс. Оларға қажет жабдықтар түгел алынды.
Тазарту жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіледі. Босаған орынға су жиналады. Мамандар жобаның 10 жылға ұласатынын ескертті. Ал шөгінділер кейін де жинала береді. «Бірақ дәл қазіргідей көлемге жеткізбейміз» дейді.
Әлмұрат Қалыбаев, мердігер компанияның жобаларды дамыту бойынша директор:
- Жалпы жобалау жұмыстарына 1-3 ай кетеді. Бірақ біз мұны жеделдетеміз. Тазалау жұмыстарында біз климаттық жағдайға, балықтың уылдырық шашуын ескереміз. Яғни, бір жылда бізге 5 айдай ғана жұмыс істеуге мүмкіндік болады. Қалай дегенмен де, ең алдымен су түбінде не жатқанын анықтап алғанымыз дұрыс. Содан кейін нақты уақыты белгілі болады.
Астана су қоймасының жалпы көлемі 410 млн текше метр дедік. Елордадан 51 шақырымда жатқан жайылма көл – 1,5 млн-ға жуық адамды тіршілік нәрімен қамтып отырған жалғыз стратегиялық нысан.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ырыстанбек Оспанов.