Қарағанды облысындағы Дубовка ауылының тұрғындары ауызсусыз қалды
Дубовка ауылының тұрғындары шілденің шіліңгір ыстығында тіршілік нәрінен қағылды.
Бұл - Қарағанды облысындағы төрт мыңнан астам тұрғыны бар елді мекен. Жұртшылық «бау-бақша суарып, тұрмыстық қажеттілігімізді қамти алмай қалдық»,- дейді. Ал жауапты мекеме өкілдері, құбырдағы апат салдарынан болған уақытша қолайсыздық екенін айтады.
Бәтима Қарағызованың Дубовка ауылына көшіп келгеніне 6 жыл өтті. Содан бері жаз шықса су тапшы болып, тамшылап қалатынын айтады. «Салдарынан бақшаны айтпағанда, ауызсудың өзін сатып аламыз», - дейді. Соңғы бір аптада су мүлдем тоқтап қалған. Тек арнайы көлік тасып, мөлшермен беріп жүр.
Бәтима Қарағызова, Дубовка ауылының тұрғыны:
- Қазір ыстық, шомылу керек, кір жуа алмаймыз. Соның бәріне су керек. Сусыз күн көре алмаймыз, осындай жағдай болып тұр. Бұл немен байланысты екенін білмей қойдық біз. Биыл осы сумен нашар болып тұр.
Жауаптылар болса «ауызсудың құбырын орталық кәріз жүйесін салып жатқандар тесіп кеткен», - дейді. Содан резервуардағы бар су ағып кеткен. Жазда суға сұраныс көп болған соң, ол әлі толып болмай жатыр.
Ерғали Кисраунов, Дубовка ауылдық округінің әкімі:
- Бүгін жаңа су сорғыш алдық. Қазір Жігер су жаңадан 30 кубтық әкеп жатыр. Біз бір күнде 1300 куб су алып отырсақ, енді 1750, 1800-ге дейін су аламыз. Сол кезде жағдай жөнделеді деп ойлаймын.
Ауылда негізі 4 ұңғыма бар. Қыста 4 мың адамды сумен қамту үшін соның тек біреуі жұмыс істейді. Ал жазда төртеуінің де қуаты жетпей қалады. Сондықтан мамандар бүгін орнататын су сорғыш мәселені шешеді деп сендірді.
Авторлары: Дәуренбек Бағдаулетұлы, Сайран Ақамбаев