Абай облысындағы көне қорғандарды кім қорғайды?
Абай облысының Жарма ауданындағы көне қорғандар мемлекет қамқорлығына зәру, деп хабарлайды «Хабар 24».
Шалабай ауылы маңындағы шаруа қожалығы аумағынан сақ, түрік, қимақ, Қазақ хандығы кезеңдеріне жататын 700-ден астам тарихи ескерткіш анықталған. Шаруа 10-ға жуық қорымды археологтардың күшімен қаздырған. Табылған жәдігерлер арнайы зертханаға жөнелтілді. Сақ дәуіріне тиесілі 2 қорғанды 7 миллион теңгеге қоршатып, сыртын шынымен қаптаған. «Зерттелмеген қорғандар өте көп. Оларды ашуға, жан-жақты зерттеуге, қорғауға мемлекет тарапынан қолдау қажет», - дейді қожалық өкілдері. Жергілікті әкімдік тарихи жәдігерлер 2018 жылы мемлекеттік тізімге алынғанын айтады.
Берікбол Саматов, шаруа қожалығының өкілі:
- 3 қорған музейлендіруге, аспан астындағы музей ретінде дайындалып жатыр. Өз күшімізбен. Алдағы уақытта үкімет тарапынан көмектер болса деп ойлаймыз. Өйткені 700-ге жуық қорғанның ішінен біреуінен Алтын адам табылуы мүмкін.
Жазира Маханова, Жарма аудандық мәдениет бөлімінің бас маманы:
- Негізі Шалабай ауылдық округі бойынша 200-ден астам археологиялық ескерткіштер бар деп айтылады. Соның ішінде ең ірі археологиялық ескерткіштер төртеу: Қостөбе, Құйған, Күйелі және Мөртас петроглифі. Тасқа жазылған жазулар. Бұлардың бәрі Шалабай жауапкершілігі серіктестігімен осы жылдың мамыр айында қорғау міндеттемесі жасалды.