Қызылорда облысында жылу маусымына дайындық пысықталды
Қызылорда облысында жылу маусымына дайындық жұмыстарын атқару үшін 10 миллард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Оған жылу электр орталықтарының негізгі құрылғыларымен қатар, облыс орталығы мен аудандардағы жылу жүйелері жаңғыртылып жатыр. Межелі жұмыс мерзімінде сапалы аяқталуы тиіс. Облыс әкімі қатысқан көшпелі отырыста осы мәселелер талқыланды.
Биыл Қызылорда қаласындағы когенерациялық жылу электр станциясының екі газтурбиналық қондырғысы жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа 1 миллард теңге қаржы жұмсалған. Облыс әкімі нысанның жұмысымен танысқаннан кейін, жылу электр орталығында қысқа дайындық мәселелерін талқылау мақсатында көшпелі жиын өткізді.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысы өткенде Астана қаласында өткен жиында барлық өңір басшыларына қатаң тапсырма берді. Жылу маусымына дұрыс, уақытылы, сапалы кіру жөнінде. Үлкен жобалар жүзеге асып жатыр. Көп қаражат келді. Бұрын ондай қаражат келмеген. Қаражаттың қиындығына қарамастан мемлекет басшысы, үкімет басшысы үлкен көмек жасап жатыр біздің өңірге. Біз сол мүмкіндікті пайдаланып, уақытылы,сапалы, мерзімінде игеруіміз керек.
Өңірде 270 шақырым жылу жүйесінің 47 пайызы тозған. Ескі құбырларды жаңалауға 8 миллиард теңге бөлініп, 8 жоба жүзеге асып жатыр.
Руслан Нұрмағанбетов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- 9 шақырым жылу желілерін қайта жаңғыртып, айтып өткендей 47 пайыз тозығы жетуді біз 44 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз.
Қыстан қысылмай шығу үшін өңірге 238 мың тонна көмір жеткізіледі. Операторлармен тиісті келісімдер жасалған. Енді мазут қорын қамдау қажет.
Медет Ұсайын, «ҚЖЭО» МКК басшысы:
- Мазут отыны жалпы 4 мың 200 тонна қажеттілік болса, қорда 2400 тоннасы бар. Ар жағындағы 1800 тоннасын қазіргі таңда облыстық бюджеттен өтініш ұсынып, алдағы сессияда алатын боламыз.
Облыста жылу маусымына дайындық барысы қатаң қадағаланады. Қазір жоспарлы жұмыс арнайы кестеге сай жүруде, дейді мамандар.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев