Павлодар облысында фермерлер төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр
Павлодар облысында экологиялық ахуал күрделі боп тұр.
Құрғақшылық салдарынан өзен-көлдер тартылып, шабындық пен егіс алқаптары күйіп кеткен. Фермерлер төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр. Өңірге барған Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменовамен кездесуде ылғал тапшылығы сөз болды.
Май және Ақтоғай ауданының шаруалары жыл сайын Ертіс жағалауындағы шабындықтардан пішен дайындайтын. Биыл шалғыға ілінер шөп таппай қалды. Өйткені Ертіс өзені тасыған жоқ. Ал қырдағы шөп аптап ыстықта күйіп кетті. Өңірге ала жаздай бір тамшы тамбаған.
- Маңызды сұрақ, халықтың арасында болып жатқан сұрақ мынау Ертіс бойындағы су арнасы. Жалпы Май ауданының 80 пайызы мынау шөп дайындайтын малшыларға осы Ертіс бойында –тын.
Министр мұны жаһандық жылыну салдарынан климаттың өзгеруінен туындаған жәйт деп түсіндірді. Өрттің жиілеуі, құрғақшылық. Мұндай табиғи апаттар қайталана береді. Халықаралық сарапшыларды тартып, алдағы уақытта қатаң климаттық жағдайға бейімделу жолдары іздестірілетінін атап өтті.
Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Биылғы жылы қалыптасқан су тапшылығы жағдайы ол сонымен қатар климаттың өзгеруімен де байланысты. Климаттың өзгеруі жалпы құрғақшылыққа әкеліп жатыр. Судың тапшылығына әкеліп жатыр. Яғни біз оны ғылыми түрде көріп жатырмыз. Әрине бұл да табиғи үдерістер. Сол табиғи үдерістерге біз дайын болуымыз керек.
Кездесудің Екібастұзда өтіп жатқаны тегін емес. Кеншілер шаһарында көмір жағатын кәсіпорын көп. Ауаға зиянды қалдықтар мол бөлінеді. Алайда шаһар тұрғындарын экологиядан бұрын қыстың қамы көбірек алаңдатады.
Валентина Гейн, Екібастұз қаласының тұрғыны:
- Қазір жылу энерго орталығы жөнделіп жатыр. Содан болар қаланы жағымсыз иіс басып кетеді. Қыс мезгілінде қиын жағдайды бастан өткердік. Екібастұз жылусыз қалмаса екен дейміз.
Зүлфия Сүлейменова басқа өңірлермен салыстырғанда Павлодар облысында экологиялық ілгерілеушілік барын тілге тиек етті.
Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Бірқатар мәселелер әрине бар олар қазіргі таңда экологиялық реттеу шеңберінде барлық мәселелерді қадағалау шеңберінде біз шешіп жатырмыз. Әсіресе Екібастұз қаласында болғаннан кейін Екібастұз ГРЭС деген мекеме бар. Әрине үлкен, көмірді жағатын бір мекеме. Әрине оның экологиялық ықпалы өте жоғары.
Өндірістік кәсіпорындардың маңайына экологиялық бекетер орнатылған. Ауаның құрамындағы қалдықтар үлкен экранға шығып тұрады. Жыл басынан бері жүргізілген мониторинг нәтижелері ауаның шамадан тыс ластануын көрсетпеген.
Мағзұм Қоқымбаев, экология департаменті басшысының орынбасары:
- Павлодар облысында 2021 жылдан бастап экологиялық түйткілдерді шешудің жол картасын әзірленді. Оның құрамына 33 іс-шара кіреді. Жартысынан көбі ауаны қорғауға бағытталған.
Екібастұзға сапары барысында Экология және табиғи ресурстар министрі тұрғындарды жеке қабылдады. Экология белсенділері министрге қордаланған мәселелерді бірлесіп шешуге ұсыныс жасады.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков