Ұлытау облысындағы мектептердің дайындығы қалай?
Былтыр Жезқазғандағы мектеп-лицей оқушылары жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуынан жаңа оқу жылын басқа мектепте қарсы алуға мәжбүр болған.
Дегенмен білім ордасында аяқсыз қалған құрылыс жұмыстары биыл жалғасын тапты.
Академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-лицейіндегі жөндеу жұмыстары осымен екінші жылға созылып барады. Былтыр бірінші қабаты мен жылу, электр желілері жаңартылған. Мердігер құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтамағандықтан оқушылар екі апта бойы басқа мектепте білім алып жүрді. Енді биыл қалған жұмыс аяғына дейін жеткізілмек.
Маратбек Төребеков, білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Үлгереді деп ойлаймыз. жұмыс қарқынына қарағанда үлгеретін түрлері бар. Былтырғы жылдан сабақ алып, оны біз бақылауда ұстап отырмыз. Енді үлгермей жатса, онда осы мектепке жақын мектептерге балаларды бөліп оқытатын боламыз.
Осы күнге дейін жөндеу жұмыстары 60 пайызға дейін атқарылған. Жаңа есіктер орнатылмай, әрлеу жұмыстары аяқталмаған. Одан қалды ауланы абаттандыру, қоршауларды орнату жұмыстары бар. Бірақ мердігер барлық жұмысты мерзімінде аяқтаймыз деп сендіріп отыр.
Асыл Жұмабаев, мердігер ұйым өкілі:
- Ішкі жұмыстарды 20-тамызда берсек деген жоспарымыз бар. Сыртқы жұмыс 100 пайыз 25-тамызда бітеді. 1 қыркүйекке дейін құдай қаласа обьектіні тапсырамыз.
Бұдан бөлек Қаражал қаласында бір мектеп толық жөнделіп жатыр. Ондағы жұмыстардың 40 проценті орындалған. Жалпы биыл облыс бойынша 47 білім беру ұйымында күрделі және ағымдағы жөндеу жүріп жатыр. Оған жергілікті қазынадан 1,8 млрд теңге бөлінген. Әзірге құрылыс жұмыстары 10 мектепте аяқталған.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев