Астанада бөлшек сауда салығы 4%-дан 3%-ға төмендеді
Демек, осы режиммен жұмыс істейтін кәсіпкерлер жылдың бірінші тоқсанында төлеген салығының бір проценттік айырмасын қайтара алады.
Қалалық мәслихаттың маусым айының соңында қабылдаған шешіміне сай, бөлшек салықтың мөлшерлемесі енді былтырғыдай 3 процент деңгейінде болмақ.
Жәмиля Сәрсембаева 2005 жылдан бері елордадағы перделер салонын басқарып келеді. 40 –қа жуық адамды жұмыспен қамтыған кәсіпкердің үнемі қосымша құн салығын есептеумен басы қататын. Енді ол тамыздың бірінен бастап бөлшек салық режиміне өтуді жөн көріпті.
Жәмиля Сәрсембаева, кәсіпкер:
- Жеке тұлғалармен де, корпоративті тұтынушылармен де бірдей жұмыс істегендіктен, біз үшін бөлшек сауда салығының режимі өте қолайлы. Өйткені жеке тұлғалармен жұмыс істесек – 4 процент көлемінде салық төлеп, қосымша құн салығынан босатыламыз. Ал корпоративті клиенттеріміз үшін 12 емес, 8 процент қана төлейміз. Яғни, қосымша құн салығын төлейтіндей көлемнен артып кету қаупі жоқ.
Арнаулы режим бойынша Жәмиля Сәрсембаева сияқты астаналық кәсіп иелері енді 4 емес, 3 процент көлемінде салық төлейді. Яғни, әр бөлшек саудадан түскен таза кірістен салық осы мөлшерде салынады.
Жібек Бердібай, Мемлекеттік қызмет көрсетулерді дамыту және сапасын бақылау бөлімінің бас маманы:
- Бөлшек салығының мөлшерлемесін Астана қаласының мәслихатыменен бекітіледі. 2023 жылдың 30-маусымындағы мәслихаттың шешіміне орай бөлшек салықтың мөлшерлемесі 4 проценттен 3 процентке төмендетілді. Бір проценттік мөлшерден артық төленген болса, екінші тоқсанға жатқызуына болады салық төлеуші. Немесе оны салықтық өтініш арқылы қайтадан қайтаруына болады.
Арнаулы салық режимінің шарттары қарапайым 200-ге дейін жұмысшысы бар кәсіпорынның жылдық табысы 600 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 2 млн 70 мыңнан аспауы тиіс. Автокөлік жөндеу, киім саудасы, жиһаз жасау, құрылыс-жөндеу жұмыстары, қоғамдық тамақтану, жолаушылар тасымалы сияқты 190 қызмет түрі осы режимге енгізілген.
Валерия Ли, экономист:
- Негізі Үкіметтің бөлшек салық режимін қабылдауы кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болды. Бұрын кәсіпкерлер не істейтін? Бизнесін оңтайландыру мақсатында әртүрлі адамның атына жеке кәсіпкерлік нысанын тіркеп, салықтық жүктемені азайтатын. Осылайша, қосымша құн салығының шекті межесінен асырмауға тырысатын. Өйткені, салықтың бұл түрі оларға ауырлау тиеді. Міне, бұндай схемадан кету үшін бөлшек салық режимін енгізгені құптарлық іс болды.
Жалпы, Астана қаласы бойынша осындай арнаулы салық режимін қолданатын 1172 кәсіпкер бар. Соның ішіндегі үштен бір бөлігінен ғана биыл алғашқы тоқсанда 833 млн теңге көлемінде салық түскен. Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша, салықтың осы түрінен бюджетке 3 млрд теңгеге жуық кіріс келген еді.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Дархан Күнтуов, Марат Диханбаев