Ақмола облысындағы «Зиялы қауым» жобасы өз жемісін бере бастады
Ақмола облысындағы ауылдарда жыл басынан бері қылмыс саны 18% төмендеді.
Ал 150-ге жуық елді мекенде бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмеген. Бұл өңірде қолға алынған «Зиялы қауым» жобасының жемісі. Оның аясында ауыл қауымдастығы мен полиция қызметкерлері қылмысқа қарсы бірлескен күрес жүргізіп келеді.
Атбасар ауданындағы Бастау ауылында мыңнан астам адам тұрады. Биыл елді мекенде бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Себебі заңбұзушылықтың алдын алуда тәртіп сақшыларымен қоса ауыл ақсақалдарының еңбегі ерен.
Рахметолла Шалкенбаев, Бастау ауылының тұрғыны:
- Ауылда алкогольді ішімдік қабылдайтындар азайды. Бұл өз кезегінде құқық бұзушылықтардың төмендеуіне әкеледі. Біз туындайтын барлық мәселені жергілікті әкімдік, тәртіп сақшыларымен бірлесе шешеміз. Жастармен түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Ал полиция қызметкерлері оқушылармен арнайы сабақтар өткізеді.
Жергілікті шаруа қожалықтары да игі жобаға қолдау танытқан. Ауыл тұрғындарының дені осында нәпақасын тауып отыр. Серіктестік өкілдері ауыл қауіпсіздігін қадағалау үшін 50-ге жуық бейнебақылау жүйесін орнатқан
Нұрболат Қадырбеков, учаскелік полиция инспекторы:
- Есепте тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Мұның бәрі өз жемісін беріп жатыр. Мысалы осы жоба жүзеге асқалы ауылда қылмыс мүлдем тіркелмеді. Зиялы қауым өкілдері бізге жақсы көмектеседі. Ал бірлесе атқарған жұмыс қашанда жақсы нәтиже береді.
Қазір пилотттық жоба аймақтағы 130-ға жуық ауылда жүзеге асып жатыр. Әрқайсысында ақсақалдар кеңесі құрылып, оған үш жүздей беделді ауыл тұрғыны мүше боп кірді
Серік Әбутәліпов, Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:
- Қазір алты ауылымыз ішімдіктен толығымен бас тартты. Сондықтан біз осы бағдарламаныңң тұжырымдасын әрі қарай пысықтап, жандандырамыз. Енді біздің болжам бойынша жыл соңына дейін екі жүз ауылда белсенді тұрғындардың арқасында зиялы қауымды әрі қарай жандандырамыз.
Ауыл ақсақалдары тек қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп мәселелерімен шектеліп қалмайды. Олар елді мекендерді абаттандыру, қараусыз жайылатын мал мәселесін шешуде белсенділік танытпақ.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный