Қарағанды облысында 75 жастағы зейнеткерді алдаған алаяқ ұсталды
Қарағанды облысында 75 жастағы зейнеткерді алдап, ірі көлемде ақша алып кеткен алаяқ ұсталды.
Ол қарияға телефон соғып, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырып, қызының жол апатына кінәлі екенін хабарлайды. Қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін ақша талап еткен. Жәбірленуші қоңырау шалған адамның жанындағы келіншектің дауысын қызына ұқсатқан соң сұраған ақшасын беруге бірден келіседі. Сәлден соң үйіне келген курьердің қолына жылдар бойы жинаған барлық қаражатын ұстата салған. 19 мың евро және 14 700 доллар. Кейіннен алданғанын біліп полицияға шағымданады. Тәртіп сақшылары күдіктіні Астана қаласында банкоматқа ақша салып тұрған жерінен қолға түсірді. Ол Тараз қаласының 19 жасар тұрғыны болып шықты. «Жалпы жыл басынан бері алаяқтардың арбауына түскен 80 адамнан арыз түскен. Жедел іс-шаралар нәтижесінде 27 қылмыскер ұсталды», - дейді полиция департаментінің баспасөз қызметі. Оның 5-уі кәмелет жасқа толмаған болса, 13 такси жүргізушісі екен.
Аслан Өскембаев, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
- Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексі 190 бабы 4-ші бөлігімен қылмыстық іс тіркелді. Яғни аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі. Ұсталған адамда өзімен бірге 17800 евро, 115 мың теңге және Айфон 14 маркалы ұялы телефоны болған.