Павлодар облысында кәсіпкерлер ₸6,8 млрд салықтан жалтарған

Бұған ұйымдасқан қылмыстық топ көмектесіп, сол үшін материалдық сыйақы иеленіп отырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар 26 еншілес компанияны тіркеп, 4 жылда кәсіпкерлерге 18 млрд теңге сомаға жалған шот-фактуралар жазып бергені дәлеленді. Тергеу барысында қылмыстық топтың заңсыз қызметін 225 компания пайдаланған. Оның жетекшісі 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған мүшелеріне 3-тен 8-жылға дейінгі мерзімге жаза тағайындалды.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Ұйымдасқан қылмыстық топты жою нәтижесінде бақылаудағы компанияларды тіркеу заңсыз деп танылды. Сатып алушыларға 560 млн теңгеден астам сомаға салық төлеу туралы хабарлама жіберілді.