Өрт салдарынан әкесінен айырылған Павлодар тұрғыны «төтеншеліктердің» жұмысына наразы

Павлодар қаласының тұрғыны өрт кезінде бейқамдық танытқан төтенше жағдайлар қызметінің жұмысына наразы.

Евгений Волынкиннің айтуынша, мамандар жедел әрекет етсе, әкесі өлім аузынан аман қалар еді. Қайғылы оқиға бір жыл бұрын болды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс те қозғалды, бірақ кейін тоқтатылды. 

«Надежда» бағбаншылығындағы алапат өрт өткен жылы тіркелді. Тілсіз жау 60 гектарлық жерге таралып, салдарынан 300-ден астам учаске зақымданды. Солардың бірінде егде жастағы адамның мүрдесі табылды. 

Сол кезден бері бұл жерде еш өзгеріс жоқ. Бір жыл бұрын жайқалып тұрған бақшаның орнында қираған үй мен қоршаулар ғана қалған. Марқұм Анатолий Иванович зейнеткерлікке шыққан соң соңғы 10 жылдың әр жазын осында өткізген. Бірақ өткен жылдың сәуірінде көз жұмды. Баласы Евгений Волынкиннің ендігі мақсаты – әділдік орнату. Айтуынша, өрт сөндірушілер дер кезінде эвакуация жасаса, осындай қайғылы жағдай болмас еді. 

Евгений Волынкин, қала тұрғыны:

- Жауапты органдар дұрыс эвакуация жасаса, әкем қазір жанымда жүрер еді. Менің ойымша, төтеншеліктер салғырттық танытып, міндеттерін дұрыс орындаған жоқ. Тілсіз жау осы жерге жақындағанда, әкемді ешкім іздеген жоқ. Осы жағдай бойынша  тергеу амалдары да дұрыс жүргізілмеді. Салдарынан әкемнен айырылып қалдым. 

Алапат өртті ауыздықтауға жеке құрамның 130 қызметкері жұмылдырылды. Жауапты органдар адам өлімінен соң төтенше жағдайдар өкілдерінің жедел іс-әрекет ету алгоритмін тексерген. Нәтижесінде мамандар міндеттерін мүдірмей орындады деген қорытынды жасалды. Тексеріс жұмыстарын өртке қарсы қызмет комитетінің өкілдері қолға алған.   

Тлекжан Галлямов, қалалық ТЖБ бастығының міндетін атқарушы:

- Тексеріс барысында радиостанциядағы хабарламалар, телефон арқылы жүргізілген келіссөздер мен өзге де материалдардың барлығы зерттелді. Қайтыс болған адам эвакуациядан соң бақшасына оралды деген болжам бар. ішімдікке бой ұрған деген ақпарат бар. Себебі, мүрдесі даладан табылды. Басты мақсатымыз өртті оқшаулау. Оқиға орнында полиция жұмыс істеді. Олар халықты эвакуациялаумен айналысты.

Ал полиция департаменті өкілдері  халықты аумақтан шығару жүргізілмегенін жеткізді. «Біз бірінші кезекте қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз» - деп қысқа қайырды тәртіп сақшылары. Тергеу амалдары жүргізілгенмен, адам өліміне жол бергендер табылмады. 

Алма Мұсабекова, облыстық ПД Баспасөз хатшысының міндетін атқарушы:

- Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабы бойынша жүргізілген тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабына сәйкес қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.

Алайда Евгений Волынкин бұған сенер емес. Тергеу кезінде түсінік берген материалдарды зерттеп, сот-медициналық сараптамаға тапсырыс берген.

Евгений Волынкин, қала тұрғыны:

- Сот-медициналық сараптама өлімнің нақты себебін нақтылай алмады. Себебі әкемнің мүрдесі жанып кеткен. Бірақ өкпесінде қара ұсақ заттар табылды. Бұл күйік немесе күл қалдықтары. Әкем өрт кезінде тірі болды. Менің ойымша, әкем үйдің ішінде көз жұмды. Бәзбіреулер оны сыртқа шығарып, осы жерде тастап кеткен. 

Барар жері қалмаған Евгений Волынкин енді Бас прокуратураға үміт артып отыр. Бір апта бұрын құзырлы мекеме басшысының жеке қабылдауына жазылып, жауапты органдардың жұмысына шағым түсірмек. Қылмыстық істі қайта жандандыруды да талап етпек.

Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Жеңіс Темірболат