Алматыда 60-қа жуық хостел студенттер жатақханасына айналады

Әрбір университеттің жанынан ахуал орталығы құрылды.

Оған кез-келген студент хабарласа алады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Бүгін министр бастаған мониторинг тобы Алматыдағы жатақханаларды аралап, дайындығын тексерді. 

Алматыда студенттердің бәріне бірдей жатақханадан орын жетпейді. Биыл 22 мың орын тапшы. Сондықтан, Ғылым және жоғары білім министрлігі хостелдер мен қонақүйлерді жатақханаға айналдырып жатыр. Осы оқу жылында солардың 59-ы 10 мың студентті қабылдайды. Алғашқы кезекте бірінші курс студенттері қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік топқа жататындар да басымдыққа ие. Министрдің айтуынша, ешкім далада қалмайды. Жағдайды қадағалап отыру үшін ахуал орталығы іске қосылды.  

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- 24 сағат бойы ашық айталық таңғы сағат 03:00-де студент келіп қалса, бұл жерде төтенше жағдайдар үшін 30 төсек орын көзделген. Яғни, түнде келсе де таңғы 07:00-де келсе де, далада қалып қалған студенттер болған жағдайда,  біртұтас ахуал орталығына хабарласып ең жақын университетке  жібереміз. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында осындай төтенше төсек орындар қоры қалыптастырылған.

«Қазір студенттерді жатақханамен толықтай қамтамасыз ету мәселесі үш бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Алғашқысы құрылыс салу. Одан кейінгісі қайта жаңғырту. Соңғысы ахуал орталығы. Соның ең тиімдісі екіншісі. Яғни хостелдер мен қонақүйлерді жатақхана етіп қайта жабдықтасақ, көп нәрседен ұтамыз», - дейді министр.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- ГЧП тәрізді ұзақ мерзім емес. Біздің жобалау офисімізге келеді. Бір айдың ішінде келісім шартқа отырады. Рекоконструкция  жұмысын бастап сосын субсидия ала береді. Әр бала басына шаққанда қайта жөндеу ақшасын алып тұрады.

Бұдан студенттен де, университ те, бизнес өкілі де ұтады. Хостелде тұру құны айына 35 мың. Ал ата-анасыз жастар мен мүгедектігі бар студенттерге үкімет жатақхана ақысына субсидия қарастырып отыр.

Әділхан Төлепберген, аймақтық омбудсмен:

- Қазірдің өзінде аймақтардан ата-аналар, студенттер хабарласып жатыр. Біз олардың жағдайын түгел университет басшылығына жеткіземіз. Алматыда жатақхана мәселесі бұрыннан күрделі. Соны ушықтырмай шешсек дейміз. Міне қазір қарап жатырмыз нысан арнайы жатақхана болмаған соң, қауіпсіздігі, бөлменің жайлылығы сыйымдылығы түгел ескеріледі.

Бүгінгі таңда еліміз бойынша 70 мың студентке жатақханадан орын жетпейді. Былтыр 87 мың болған. Әрине оның басым бөлігі екі мегополиске тиесілі. «Жатақхана тапшылығын түбегейлі 2025 жылы шешіледі», - дейді министрлік өкілдері.   

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов